Педиатрия орталығында Шалабайлар күні атап өтілді
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Халықаралық шала туған нәрестелер күніне орай мерекелік шара өтті.
Дүниежүзінде 17 қараша күні атап өтілетін бұл күннің басты мақсаты – шала туылған нәрестелер мәселелеріне қоғамның назарын аудару, ата-аналарға қолдау көрсету, ерте босанып қалудың қауіптілігі мен салдары, сондай-ақ алдын алу және жүктіліктің толық мерзімін сақтау қажеттілігі туралы ақпараттандыру.
Шараға орталықтың дәрігерлері, резиденттер, мейірбикелер мен неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінде ем алып жатқан кішкентай сәбилердің ата-аналары қатысып, оларды Басқарма төрағасының клиникалық қызметтер жөніндегі орынбасары Ерекешов А.А., Педиатриялық блок басшысы Алтынбаева Г.Б. және «Мен сенімен біргемін» қорының жетекшісі Плохих Н.Д. құттықтады. Н.Д.Плохих ата-аналарға қор атынан арнайы сыйлықтар табысталды. Шара барысында неонатологтардың жұмысы және жаңа туған нәрестелерді күту туралы бірнеше ақпараттық-танымдық бейнероликтер көрсетіледі.
Жыл сайын әлемде 15 миллионға жуық нәресте мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Қазақстанда Халықаралық шала туған нәрестелер күні 2013 жылдан бері атап өтіліп келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 25 мыңға дейін айы-күні жетілмеген нәресте дүние есігін ерте ашады.
Атам қазақ ертеде шала туған шақалақты тымаққа салып өмірін сақтаған. Киіз үйдің керегесіне ілінген түлкі тымақтың ішінде нәресте өмірмен өзі күрессе, бүгінде ақ халаттылар шақалақтардың өмірін сақтау үшін барын салуда. Өйткені, әр нәресте өмір сүруге құқылы.
Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімі 1959 жылдан бері жұмыс істейді. Бөлімнің өте төмен дене салмағы бар сәбилерді күту мен емдеуде 64 жылдық үлкен тәжірибесі бар. Бөлім Қазақстанның түкпір-түкпірінен туа біткен ақаулары мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Бұл топтағы науқастарға өңеш атрезиясы, диафрагмалық грыжа, ішек өтімсіздігі, аноректальді ақаулар, гастрошизис, омфалоцеле, сакрококцигеальды аймақтың тератомасы және т.б күрделі реконструктивтік пластикалық операция жасалады. Шала туылған балалар да әртүрлі туа біткен патологиялармен дүниеге келеді. Оларға да толық хирургиялық көмек көрсетіледі.
«Жыл сайын бөлімде әртүрлі патологиямен республиканың әр өңірінен 400-ге жуық нәресте емделеді. Олардың 80% үлесін салмағы 700 – 2500 гр-ға дейінгі 25-35 апталық дене салмағы төменгі, өте төменгі және экстремалды төменгі салмақтағы шала туылған нәрестелер құрайды. Бөлім 2022 жылы түрлі патологиямен дүниеге келген 300-ден аса сәбиді ажал аузынан аман алып қалса, биыл жыл басынан бері 350-ге жуық шақалақты күтіп баптады. Бөлім 20 төсек орынға арналған. Бөлім 2003 жылдан бастап туа біткен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерді қабылдай бастаса, 2012 жылдан бастап шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерді қабылдап, оларға көз торының лазерлік коагуляциясын табысты жасай бастады. Дене салмағы 1000 грамм ғана болатын шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Шала туған нәрестелердің өлім-жітімі 3-4 есеге төмендеді. Біздің Орталықтың неонатология және неонатологиялық хирургия бөлімінде бір жыл ішінде емделіп шыққан сәбилердің 80%-ға жуығы шала туылған нәрестелер. Шала туылған нәрестелердің өмір сүру деңгейі жыл сайын артып келеді», — деп атап өтті Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туған нәрестелердің хирургия бөлімінің меңгерушісі Айжан Байғұттиева.
Бөлімде 10-нан аса мамандар: неонатологтар, неонаталды хирургтер және офтальмо-хирургтар қызмет жасайды. Баршаға аян, шақалардарды күтіп-бағу үлкен күш пен қайратты, төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл тарапта ерекше ұқыпты күтім, жоғары технологиялық құралдарды қолдана отырып сапалы емдеу, ұзақ бақылауды талап ететін неонатолог дәрігерлерінің, неонаталды хирургтар мен мейірбикелердің еңбегі ерен. Мамандар ата-ананың психологиялық дайындығы да шала туған нәрестені сәтті күтуде үлкен рөл атқарады деген пікірде.