«Qosyl» жобасы: ауыл жастарына мобильді қолдау

Жетісу облысының «Jetisu jastary» облыстық жастар орталығы жастардың әлеуметтік, психологиялық және мансаптық ресурстарға қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ цифрлық және аумақтық алшақтықты азайту мақсатында «Qosyl» атты көшпелі жобасын іске қосты.

Жүргізілген талдау нәтижелері облыс орталығы мен ауылдық жерлерде тұратын жастар арасында айтарлықтай теңсіздік бар екенін көрсетті. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, ауыл жастарының 60%-ы мансаптық және психологиялық көмек көрсететін қызметтерден хабарсыз, ал 25%-ы өз өңірінде мамандығы бойынша жұмыс табуға күмәнмен қарайды.

Осыған байланысты «Qosyl» жобасы қолға алынды – бұл мамандардан құралған мобильді топтың ауылдар мен шағын қалаларға барып, жастарға тікелей қолдау көрсететін форматы. Жобаның мақсаты – жергілікті деңгейде жастарға кешенді көмек көрсету: кеңес беру, оқыту, ақпараттық қолдау және қарым-қатынас пен дамуға қолайлы орта қалыптастыру.

«Qosyl» мобильді тобының негізгі бағыттары: мансаптық бағдар беру, психологиялық қолдау, құқықтық сауаттылықты арттыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру мен ағартушылық шаралар және жастар қауымдастықтарын қалыптастыруға жәрдемдесу.

«Qosyl» жобасы жастарға өз елді мекенінен шықпай-ақ қажетті ақпаратты, қолдауды және мотивацияны алуға мүмкіндік береді. Көшпелі форматтың арқасында жастар облыс орталығына бармай-ақ білікті көмекке қол жеткізе алады.

Сонымен қатар, жоба аясындағы кездесулер жастардың араласу аясын кеңейтіп, жергілікті бастамаларды дамытуға және белсенді жастар қауымдастығын қалыптастыруға септігін тигізеді.