Рас-эль-Хайма туристер үшін блокчейн негізіндегі марапаттау бағдарламасын іске қосты

Рас-эль-Хайма Әмірлігінің Туризмді дамыту департаменті (RAKTDA) Web3 технологияларына маманданған Open World компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мақсат — цифрлық дәуірге сай жаңа туристік тәжірибе ұсыну және лоялдылықты арттыру.
Меморандум туризм саласындағы ең ірі шаралардың бірі Arabian Travel Market 2025 көрмесінде рәсімделді . Жаңа жоба аясында блокчейнге негізделген марапаттау жүйесі енгізіледі, яғни туристер шығындары үшін цифрлық токендер алып, эксклюзивті ұсыныстар мен шараларға қатыса алады.
Бағдарлама жеке ұсыныстар мен авторлық бағыттар, қонақтарға арналған жеке кеңестер мен шараларға қолжетімділік, сапар кезінде жұмсалған қаражатқа цифрлық токендер, туристік қызметтер аясындағы қауіпсіз төлем жүйесі сияқты мүмкіндіктерді қамтиды.
RAKTDA бұл бастаманы технологияға бейім жас саяхатшыларды тарту мақсатында қолға алған. Жоба Америка, Ұлыбритания, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен келетін туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Рас-эль-Хайма мен Huawei туризм саласында ынтымақтастықты кеңейтеді
БАӘ-дегі ең жасыл аймақ саналатын Рас-эль-Хайма әмірлігі шөлдер мен жағажайлардан бастап, таулар мен мангр тоғайларына дейінгі әртүрлі табиғатымен танымал. Мұнда сәнді курорттар, мәдени және тарихи орындар, сондай-ақ әлемдегі ең ұзын zipline — Jais Flight орналасқан.
Блокчейн арқылы марапаттау жүйесі Рас-эль-Хайманы тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар цифрлық инновациялар орталығына айналдырады.
Мемлекеттік және жеке сектор ынтымақтастығы
Жоба туризмнің маусымаралық кезеңінде де тиімділікті арттыруға, қонақүйлер, әуе компаниялары және туристік нысандармен серіктестік орнатуға мүмкіндік береді.
RAKTDA басшысы Раки Филлипс:
«Бұл – туризм болашағына жасалған батыл қадам. Рас-эль-Хайма – мұндай деңгейдегі токендік марапаттау бағдарламасын енгізген алғашқы бағыт. Біз тек жаңа аудиторияны тартып қана қоймай, инновацияға ашық, ерекше әсер сыйлайтын заманауи бағыт ретінде беделімізді арттырамыз»
Open World компаниясының бас директоры Мэтт Шоу:
«RAKTDA-пен бірлесіп жұмыс істеу – біз үшін үлкен қуаныш. Web3 саласындағы тәжірибеміз туризмнің жаңа кезеңіне жол ашады. Токенизация — саяхаттау тәжірибесін одан әрі байытады»