Рашид Нұғманов Францияның Өнер және әдебиет орденімен марапатталды

Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Сильван Гиоге мырза әйгілі қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановқа Франция Республикасының Өнер және әдебиет орденінің Кавалері атағын салтанатты түрде табыстады. Бұл марапат оның әлемдік киноөнерге қосқан зор үлесі мен Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуға сіңірген еңбегі үшін берілді.

Бұл орден – Франция Мәдениет министрлігі тарапынан берілетін ең беделді мәдени марапаттардың бірі. Ол 1957 жылдан бері өнер мен әдебиет саласында ерекше еңбек еткен тұлғаларға, сонымен қатар бұл құндылықтарды Францияда және бүкіл әлемде насихаттауға үлес қосқан азаматтарға тағайындалады.

«Рашид Нұғмановтың «Игла» фильмін 50 миллионнан астам көрермен тамашалап, Канн фестивалінде жоғары бағаланды. Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени көпірді нығайта отырып, Рашид мырза екі ел арасындағы достықтың нышанына айналды.  Францияның Мәдениет министрінің атынан Өнер және әдебиет орденінің Кавалері атағын табыстау мен үшін үлкен мәртебе», – Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жоғары Мәртебелі Сильван Гиоге.

Марапатты беру туралы шешімді Францияның Мәдениет министрі Орденың Кеңесінің ұсынымы негізінде қабылдайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бұл мәртебелі марапатқа тек 12 қазақстандық мәдениет қайраткері ие болған.

Өз кезегінде, Рашид Нұғманов марапатты зор ықыласпен қабылдап, өз пікірімен бөлісті:

«Өнер және әдебиет орденін алу – мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Бұл марапат менің өмір жолымды ғана емес, Франциямен арадағы тығыз мәдени байланысымды да бейнелейді. Біз, өнер адамдары, өз шығармамыз арқылы ой салып, шабыт беруге тырысамыз. Бұл марапат менің ғана емес, бүкіл қазақ киносына құрмет деп білемін. Франция – мен үшін тек екінші Отан ғана емес, шабыттың мекені. Өнер иесінің миссиясы – тек әдемі кадр түсіру емес, ой салу, сұрақ тастау, үміт сыйлау. Мені бұл жолда қолдаған әр адамға мың алғыс айтамын»

Бүгінгі кеш — өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеген күн. Бүгін — Рашид Нұғмановтың ғана емес, бүкіл қазақ киносының мерекесі. 1988 жылы жарық көрген  оның «Игла» фильмі кеңестік киноның құрылымына жаңа бағыт әкеліп, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. 1993 жылдан бастап Францияда тұратын Рашид Нұғманов кино өндірісі мен мәдени жобаларға белсене араласып келеді. Соңғы жылдары Қазақстандағы киноиндустрияны дамытуға арналған бастамаларға жетекшілік етуде: «Еуразия» кинофестивалінің президенті, Киноөнер академиясының негізін қалаушы.

Рашид Нұғмановқа берілген бұл марапат — жеке шығармашылық жолдың ғана емес, тұтас дәуірдің, тұтас мәдени бағыттың мойындалуы. Ол Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени диалогтың өміршең екенін дәлелдеп отыр. Өнер – уақытпен емес, мағынамен өлшенетін құндылық. Ал Рашид Нұғманов сол мағынаны экран тілімен сөйлете білген тұлға.

Ғазиза Ұзақ

Telegram-канал: Рашид Нұғманов Францияның Өнер және әдебиет орденімен марапатталды