Репродуктивті денсаулық апталығы басталды
ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының бастамасымен халықтың репродуктивтік денсаулығына арналған республикалық апталық басталды. Іс-шара 24-30 маусым күндері аралығында өтеді.
Апталық аясында Астана қаласындағы барлық алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, жастар орталығында репродуктивті денсаулықты қорғауға бағытталған ашық есік күндері ұйымдастырылады. Қаланың білікті мамандары жас өспірімдердің репродуктивті денсаулығы, жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялардың және ерте жастағы жүктіліктің алдын алу, отбасын жоспарлау, адам паппиломасы вирустары туралы ақпарттандыру жұмыстарын жүргізетін болады.
Елордада 71 351 жасөспірім бар, оның 35 мыңнан астамы қыз балалар. 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің 0,3%-ы кем дегенде бір рет жүкті болған. Олардың 68%-ы босанса, 24%-ы жасанды түсікпен, 8%-ы өздігінен түсік тастаумен аяқталған.
Астана қаласында дұрыс репродуктивті мінез-құлықты насихаттайтын 24 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер мен жастарға тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсету үшін қолайлы жағдай жасалған. Жастар денсаулық орталығына 2024 жылдың бірінші тоқсанында 26 333 адам өтініш білдірген. Оның ішінде 15 100 әйел адам болса, 11 233 ер азаматтар.
Бүгінгі күні болашақ аналардың денсаулығын алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде жақсарту мақсатында отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар жыл сайын «репродуктивтік денсаулықты қорғау, отбасын жоспарлау және саналы ата-ана болу» әлеуметтік жобасы іске асады.