Respublica партиясы атынан сайланған Мәжілістің жаңа депутаты ант берді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында жаңа депутат ант берді. Мәжілістегі Respublica партиясы фракциясы құрамында Руслан Берденовтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал босаған мандат партиялық тізімде тұрған Екатерина Смоляковаға берілді.
Екатерина Сергеевна Смолякова 1987 жылы 2 тамызда дүниеге келген. Оның «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білімі, сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университетінде алған DBA дәрежесі бар. Смолякованың білім беру және басқару саласында айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар. Ол Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) проректоры болды, сондай-ақ мансап және түлектермен жұмыс орталығын басқарды.
2020 жылдан бері ол түрлі қоғамдық қызметке белсенді қатысып, KBTU Empowerment әйелдер клубын басқарады және Алматы облыстық №1 балалар үйінің Қамқоршылық кеңесінің төрайымы қызметін атқарады. Бұл бастамалар әйелдер мен жастарды қолдауға және дамытуға бағытталған.
Мандатты қабылдаған Екатерина Смолякова Respublica партиясына өзіне артылған сенімі үшін алғысын білдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру және заң шығару саласында жемісті еңбек етуге дайын екенін айтады. Ол өзінің Парламент Мәжілісіндегі жұмысында негізгі басымдықтарды білім беруді қолдау, әлеуметтік бастамаларды дамыту, сондай-ақ қоғамдағы әйелдер мен жастардың рөлін күшейту бағытында болатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Respublica партиясының тең төрағасы, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның мүшесі Руслан Берденов Мәжілістегі депутаттық өкілеттігін тоқтатты. Президент Әкімшілігінің келісімімен Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Руслан Берденов Respublica партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ШОБ үшін салық жүктемесін төмендетуді, көлеңкелі экономика деңгейін азайтуды, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті, отандық тауар өндірушілерді қолдауды, импортты алмастыру мәселелерін және ішкі нарықты қорғау жұмыстарын белсенді жақтады. Мәжілісмен бастамасымен шешілген мәселелердің қатарына букмекерлік компаниялардың жұмысындағы шектеулер туралы Заң, бірқатар өңірлерде бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету және өзге де мәселелер бар.
Respublica партиясы – елімізде өкілі атқарушы органдардағы басқарушы лауазымға тағайындалған екінші саяси партия болды.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ротация жаңа идеялар мен тәсілдерді тартуға мүмкіндік беретін саяси құрылымды жаңарту мен дамытудың маңызды элементі екендігін атап өтті. «Руслан Арысбекұлы өзінің ұстанымы мен көзқарасына адал бола білді. Ол енді мемлекеттік қызметке ауысты. Оның парламенттік тәжірибесі Шымкенттің дамуына айтарлықтай үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», — деп атап өтті партия төрағасы.
Айта кету керек, Respublica партиясының депутаттары Парламенттен кетіп, бизнес пен биліктің негізгі позицияларына ауысуда. Бұл шешім олардың идеялары мен бастамаларын іске асыру үшін жаңа жолдар ашады, бұл өз кезегінде партияның ұстанымын нығайтады және елде болып жатқан процестерге тиімдірек әсер етуге мүмкіндік береді.
Respublica партиясының баспасөз қызметі