Республика күні қарсаңында «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесі ашылды
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Республика күні қарсаңында «Ұлттық құрылтай міндеттері: Қайта оралған құндылықтар» көрмесі ашылды. Көрме аясында журналистерге арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, Орталық музей мамандарының Ресейдің Астрахань, Омбы, Орынбор қалаларының музейлері мен архивтерінен жинақтаған қазақ тарихына қатысты құнды құжаттармен таныстырды.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Тарихи жәдігерлерімізді шетел музейлерінен Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі музейлерге қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек» – деген болатын. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай ҚР Мемлекеттік орталық музейі шетелдік музей және архив қорларындағы тарихи жәдігерлер мен архив құжаттарын елімізге қайтару немесе олардың көшірмелерін жасау мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында Астрахань, Омбы, Орынбор қалаларының музейлері мен архивтеріне іссапарлар ұйымдастырды.
23 қыркүйек – 1 қазан аралығындағы Астрахань қаласындағы ғылыми материалдарды іздестіру, жинақтауға бағытталған археографиялық іссапар «ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның тарихы мен мәдениеті» тақырыбы аясында жүргізілді. Астрахань Мемлекеттік бірлескен тарихи-архитектуралық музейінің қорды есепке алу бөлімінен қазақ халқының ХІХ – ХХ ғғ. кезеңдеріне қатысты этнографиялық материалдардан 309 экспонаттың тізімі ғылыми атрибуциясымен қоса алынды. Бұл тізімнің ішінде сырға, шашбау, шекелік сияқты сан алуан зергерлік бұйымдар, бешпент, шапан, сәукеле, қалпақ, кимешек сынды киім түрлері, кілем, алаша, текемет, сырмақ сияқты төсеніш бұйымдарынан тұратын заттық мәдениетіміздің үлгілері бар. Ал Астрахань облысының Мемлекеттік архивінен барлығы 15 іс қаралып, 923 беттен тұратын материалдың электронды нұсқасы әкелінді. Архив қорларын іздестіру, жинақтау нәтижесінде табылған құнды құжаттардың бірі ретінде Ресей Империясының императоры I Александрдың 1823 жылдың 20 қарашасындағы жарлығымен шыққан Бөкей ханның ұлы Жәңгір сұлтанға хан шенін беру туралы істі айтуға болады.
Омбы қаласына 2024 жылғы 21 қыркүйектен 6 қазан аралығында «XVIII-XIX ғасыр қазақтарының тарихы мен мәдениеті» тақырыбында археографиялық іссапар ұйымдастырылды. Іссапар барысында Омбы тарихи-өлкетану музейінің қорынан қазақ халқының этнографиясына байланысты бұрын-соңды жарияланбаған 11 фотосуреттің электронды көшірмесі алынды. Бұл XIX ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы Семей облысы, Павлодар уезіне қатысты суреттерден тұрады. Сонымен қатар, Омбы облысының Мемлекеттік тарихи архив қорынан 45 істің көшірмелері жасалды. Ондағы Саржан Қасымов, Есет Көтібарұлы туралы архивтік құжаттарды ерекшелеп айтуға болады.
Орынбор қаласына археографилық іссапар 2024 жылдың 28 қыркүйегі – 12 қазан аралығында ұйымдастырылды. Орынбор губернаторының тарихи-өлкетану музейіне «ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақтардың тарихи этнографиясы» тақырыбы бойынша материалдарды анықтау, көшірмелерін алу мақсатында жұмыстар жасалып, киім, зергерлік бұйымдар, белдіктер топтамаларынан 21 музейлік зат (57 сурет) анықталды. Сонымен қатар, Орынбор облысының Біріккен мемлекеттік архивінен «Орынбор ғылыми архиві комиссиясының материалдары» тақырыбы бойынша – 620 беттік материалдардың көшірмесі алынды. Онда ел аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұхсат беру туралы құжат пен қазақтың мал-мүлкін тіркеудің алғашқы үлгілері ел тарихын түгендеу жолындағы маңызды деректердің бірі.
Көрме аясында журналистер үшін баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, музейдің археографиялық экспедицияларға қатысатын зерттеушілері көрме материалдары бойынша экскурсиялар жүргізді.