Ризат Ұлан – 8 жасқа дейінгі шахматтан Азия чемпионы
Қазақстандық Ризат Ұлан 8 жасқа дейінгі шахматтан Азия чемпионы атанды. Бір қызығы, жас шахматшы 8-ші раундтан кейін, жастар арасындағы 26-шы Азия чемпионатының аяқталуына 1 тур қалғанда қарсыластарын жеңді.
19 маусымда өтетін соңғы турдың нәтижесіне қарамастан, Алматыда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық 8 жасар Ризат Ұлан мен 9 жасар Алиса Генриэтта Юнкер (ФИДЕ) жеңіске жетті.
U8 санатында Ризат Ұлан (1733) 7½ ұпай жинады. Теориялық тұрғыдан бір ұпайға артта қалған Мохаммад Таха Малакнежад (1655) оны қуып жетуі мүмкін, бірақ ұпай теңдігінің басты критерийі жеке кездесудің нәтижесі болып табылады, ал Ризат 6-шы раундта ирандықты ұтты. Жарайсын, чемпион!
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын рапид жарысының алғашқы жеңімпаздары белгілі болған. Рапидте алтын медаль иегерлері – 4 қазақстандық, 3 ФИДЕ (Ресей) шахматшысы, Үндістан (3), Вьетнам (1) және Ираннан (1) келген жас шахматшылары болды.
650-ге жуық азиялық жасөспірімдердің басын қосқан ауқымды чемпионатты Қазақстан шахмат федерациясы/KazChess, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Freedom Holding Corp. Компаниясының бас серіктестігімен ұйымдастырды. Чемпионаттың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 20 маусым күні сағат 19.00-де Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.