Руслан Баймурзин: «Домбыраның қоңыр үні жүректе патриоттық сезімді оятады»
Биыл 7 шілдеде елімізде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Осынау ұлттық аспапты жанына серік етіп, оны насихаттап жүрген жандар елордалық «Астана Опера» театрында да аз емес. Мереке қарсаңында театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзинмен негізгі дирижер мамандығын домбырашылық өнермен қалай ұштастыра білгені жайында әңгімелескен едік.
– Руслан Талғатұлы, сізді Қазақстанда және шетелде дирижер әрі домбырашы ретінде жақсы таниды. Сонда да бізге домбыраны қалай үйренгеніңізді, бұл аспапқа сізді кім баулығанын тағы да айтып беріңізші?
– Кез келген қазақ отбасында домбыраның болуы заңды құбылыс. Сол секілді біз де әкеміздің домбырада шебер ойнауының арқасында кішкентайымыздан осы бір ғажайып аспаптың үнін естіп өстік. Музыканы ықыласпен қабылдайтынымды, домбыраға деген қызығушылығымды байқаған әкем мені алдына отырғызып алып, домбыра шертуді үйрететін. Ол кезде мен алты жаста едім. Ең бірінші маған домбыраның қыр-сырын меңгерткен әкем болса, одан кейін өнер жолымда керемет ұстаздарды жолықтырғанымды ерекше атап өткім келеді. Көкшетаудағы балалар музыка мектебіне оқуға түскенімде ұстазым Серік Сәрсенбаевтан, одан кейін Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатында ұстаздарым профессор Айтжан Тоқтағанов, Гүлперизат Ұлтарақовадан білім алдым. Домбырашылық өнерде қандай да бір табысқа жетуім сол кісілердің арқасында деп айтар едім.
– Сіз «Астана Опера» сахнасында көптеген опералық және балеттік спектакльдерге, симфониялық бағдарламаларға дирижерлік етесіз, сонымен қатар концерттерде домбырамен де жиі өнер көрсетесіз. Бұл екі бағытты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Өзіміздің театрымыздың сахнасына домбырамен жиі шығып тұрамын, шетелге гастрольдер кезінде де домбырамен талай өнер көрсеткен кездерім болды. Жалпы, «Астана Операның» концерттері мен спектакльдерінде домбыраның күмбірлеген үнін жиі естуге болады. Бұл, ең алдымен, театр репертуарында ұсынылған ұлттық спектакльдерге қатысты, мәселен, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларында әртістер домбырамен айтылатын танымал шығармаларды орындайды.
Әрине, мен үшін екі мамандықты қатар алып жүру оңай деп айта алмаймын, себебі дирижерлік пен жеке орындаушылық екі бөлек дүние. Домбырада ойнағанда тек қана домбырамен сырласқандай боласыз, ал дирижерлікте адамдармен жұмыс істеп, басшылық етесіз, бұл – мүлдем басқа дүние. Дегенмен екеуі де жаныма жақын. Дирижерліктің домбыраға, домбыраның дирижерлікке деген әсері бар. Менің дирижерлікке деген қызығушылығым Алматыдағы музыкалық мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген кезімде оянған. Сөйтіп, тағдырдың қалауымен консерваторияға опералық-симфониялық дирижерлеу мамандығына оқуға түстім. Студенттік кезімде екі мамандықты қатар алып жүруге тырысатынмын, бірақ дирижерлікке көбірек уақыт бөлуге тура келді. Өйткені ол мен үшін жаңа бағыт, жаңа белес болып саналды.
Әлбетте, музыкант аспапта дайындалмаса, репертуарды жиі қайталамаса, формасы ақырындап кете бастайды. Өзім бұрынғыдай мектеп кездеріндегідей күні-түні дайындалмасам да, бір-екі сағат қолымды жүгіртсем, формаға тез келемін. Қазіргі уақытта мектепте алған негізгі білімім өмір бойы менің жадымда сақтаулы. Өйткені сол кездері бірталай байқауларға қатысып, үлкен тәжірибе жинаған едім.
– Симфониялық оркестрге де, халық аспаптар оркестріне де жетекшілік етесіз. Сол кезде сізге домбыраның үні басқа аспаптардан ерекшеленіп тұрғандай көрінеді ме?
– Симфониялық оркестр мен халық аспаптар оркестрінің арасында айырмашылықтар өте көп. Олардың үні, табиғаты бөлек, тіпті менталитеті де басқа деп айтар едім. Жұмыс барысында осы екі оркестрге жетекшілік еткен кезде әрбіреуіне өзіне тән көңіл бөлу керек. Бірақ оркестрмен бірге домбырада жеке ойнаған кезімде менің бір байқағаным – домбыраның үні симфониялық оркестр болсын немесе халық аспаптар оркестрі болсын кез келгенімен бірге үндесіп кетеді. Менің ойымша, бұл – біздің қара домбырамыздың айрықша қасиеті.
Домбыраның тағы бір айта кететін ерекшелігі, өнер жолында жүрген музыканттар, ол скрипкашы немесе пианист болсын, осы домбыраның қоңыр дыбысын тыңдаған кезде әрқайсының жүрегінде әрдайым патриоттық сезімдері оянады, өйткені домбыра үнінің әр қазақтың ішіндегі ұлттық кодын қозғайтын құдіреті бар.
– Келешекте домбыраны шәкірттерге үйрету ойыңызда бар ма? Ұлттық домбыра күні қарсаңында қандай тілек айтар едіңіз?
– Шәкірт тәрбиелеу тәжірибесі студент кезімде болды, бірақ қазіргі таңда онымен айналысуға, шыны керек, уақыт тапшы. Бәлкім, болашақта ұстаздыққа қарай бет бұратын шығармын. Ал отбасымда балаларымды музыкаға баулытып өсіріп келемін. Үлкенім фортепианода ойнайды, екінші ұлым домбыраға барады. Ол «әке, мен сіз секілді домбырада ойнаймын» деп, домбыра сыныбын өзі таңдап алды.
Мереке қарсаңында осы қара домбырамызды дәріптеп, қазақтың өнерін насихаттап жүрген әріптестеріме біріншіден зор алғысымды білдіргім келеді. Сонау ерте ғасырлардан бүгінгі күнге жеткен домбырашылық өнеріміздің ғұмыры ұзақ болады деп сенемін. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп ақын Қадыр Мырза Әли айтып кеткендей, домбырамыз барда халқымыз мәңгі жасай бермек.