Сахнада ертегі жанданды

«Астана Опера» театрының сахнасы 20-21 маусымда екі күн бойы сиқырлы патшалыққа айналды. П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» мәңгі өшпес балетінің премьерасы театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жаңа хореографиялық редакциясында ұсынылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалінің афишасына енген қойылым айтулы оқиғаға айналды.
Қоюшы дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен орындалған увертюраның алғашқы тактілерінен-ақ «Астана Опера» оркестрінің П.Чайковскийдің романтикалық палитрасын ұқыпты әрі дәл жаңғыртып жатқаны анық байқалды. Бұл партитурада әрбір музыкалық фраза ойластырылған. Композиторға болашақ балеттің егжей-тегжейлі жоспарын М.Петипаның өзі беріп кеткені, әрбір нөмірдің ырғағын, формасы мен сипатын анықтағаны белгілі. Хореографтың бұрын тек симфониялық шығармаларды ғана жазып келген П.Чайковскийге деген күмәні бүгінде осынау балеттің жаны аталып кеткен музыка дүниеге келгенде сейілді. П.Чайковскийдің нәтижеге көңілі толғаны сонша, ол М.Петипаға партитураны, яғни шығармашылық ықылас пен көркемдік құрмет актісін арнады.
Ленинград балет мектебінің тәрбиеленушісі Алтынай Асылмұратова балет дәстүрін жылдар бойы сақтап, қойылымға Константин Сергеевтің редакциясы жайлы сахналық естелікті, Мариус Петипаның рухын және уақыттың нәзік тебіренісін үстеді. Ассистенттері Константин Заклинскиймен және Елена Шерстневамен бірге ол классикалық қатар нақты құрылған, бірақ бүгінгі күннің тынысы да сезілетін спектакльді жасады. Күрделі партиялар талап еткен жоғары орындаушылық деңгей труппаның биік дәрежесінің айқын дәлеліне айналды. «Астана Операның» балет ұжымы өз беделін нық сақтады.
20 маусымдағы кеш театр примасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаеваның Аврора рөліндегі өнер көрсетуімен есте қалды. Оның орындауындағы жас ханшайым ертегінің ерке кейіпкері ретінде емес, іштей толысқан және рухы мықты тұлға ретінде таныстырылды. М.Өнербаеваның серіктесі – премьер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан мәнер жағынан бекзат, пластика жағынан шебер болды. Оның орындауындағы Дезире ханзада құтқарушы ретінде көрінген жоқ, дұрысы ол бойжеткеннің арманы, алаңсыз түс әлеміне келген ұлы рухани күштің жүзеге асқан көрінісі болды.
21 маусымда басты партияларда Шұғыла Әдепхан мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев жарқын өнер көрсетті. Дуэт өзінің шынайылығымен және энергетикасымен шабыттандырды, олардың академиялық дәлдігінің арасынан шынайы сезім сәуле шашты. Уақыттың бір орында тұрмайтынын сезіндірген бұл жұптың дуэті кезінде кенет классиканың түссіз матасының арасынан жаңа өмірдің ырғағы өтіп кеткендей болды.
Сценография мен костюмдер балеттің жеке парағына айналды. Костюмдер бойынша суретші және «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино нағыз жауһарды жасап шығарды, оның жасаған дүниесін спектакльдің толыққанды кейіпкері деуге болады. Сәнді маталар, алтын мен күміс, бағалы тастармен безендіру, егжей-тегжейлі стильдеу – осының барлығы Людовиктер мен Генрихтардың дәуіріндегі атмосфераны қайта жандандырды, әрбір кейіпкер сол ғасырдың картинасынан сытылып шыққандай әсер қалдырды. Кемеңгер суретші Эцио Фриджерионың сызбалары бойынша Риккардо Массирони орындаған декорациялар бұл сезімді күшейте түсірді: көлемді өткір төбелер, оюлы шымылдықтар, ауыр перделер түс пен шынайы өмір арасындағы кеңістікті жасады. Якопо Пантанидің сәулелі партитурасы бұл декорацияларды жанды картиналарға айналдырды: сәулелер жартылай түнектің арасынан сытылып шығып, архитектураға жан бітірді.
София Әділханова мен Әмина Кисембаеваның орындауындағы Мамыргүл перісі балеттік шеберліктің шынайы қорғаушысына айналды: олардың бейнесі нәзік, бірақ сонымен бірге қуатты әрі таза. Оған қарама-қайшы кейіпкер Карабос перісі болды: 20 маусымда Ғазиза Молдахметованың және 21 маусымда Қуат Кәрібаевтің орындауларында бұл бейне ешбір асыра сілтеусіз трагедиялық тереңдікке ие болды. Бәрінен бұрын шарасыздық сезімі басым еді, құдды бір Карабос жауыз емес, тағдырдың жазуына амалсыздан көндіккен жан ретінде ұсынылды, әртістер өздеріне берілген рөлдерді сенімді сомдады.
Қойылымға ертегінің басқа да кейіпкерлері көрік берді, олардың арасында Акбар Иминов пен Эркин Базарбаев тамаша сомдаған техникалық жағынан күрделі Көкқұстың бейнесі айрықша көзге түсті. Әртістердің орындаулары миллиметрге дейін дәл, ұлпадай жеңіл және шынымен шебер болды. Алтынай Асылмұратованың интерпретациясында тіпті «қосалқы нөмірлер» ретінде қабылданатын көріністер де біртұтас драмалық өрнектің бөлшегіне айналып, басты хикаяны реңктермен және бояулармен толықтырып тұрды.
Сонымен, елордалық Аврора ертегідегі ханзаданың сүюі нәтижесінде емес, барлық шығармашылық топтың асқақ классикалық балет өнеріне деген махаббатының күшімен оянды. Спектакльдің өзгермейтін қағидасы шабыт береді, бұл нағыз жанғырудың әрдайым формаға, стильге және көрерменге деген ішкі құрметтен басталатынының жақсы дәлелі.
Премьера күндері залда шетелдік қонақтар көп болды. Айта кетсек, қойылымды тамашалауға Киров балетін жақыннан білетін Санкт-Петербордан шығармашылық зиялы қауым арнайы келді.
– «Астана Опера» – керемет театр. Алтынай Асылмұратова мұнда біз бала кезден тамашалауға үйреніп қалған Ленинградтың бір бөлшегін алып келген секілді. Біз оған осы үшін өте ризамыз, себебі біз мұндай академизмді, мұндай кемеңгерлікті, детальдерге деген осыншалық мұқияттылық пен көрерменге деген құрметті көреміз деп күтпеген едік, біздің Кировский театрымыз, ал енді Маринский театры осы қасиеттерімен танымал. Бұл спектакльді біз жатқа білеміз: бұдан бұрынғы қойылымдарда кейбір сахналар, мысалы аңшылық туралы сахна созылыңқы көрінетін, оның редакциясында спектакльді бір демде тамашаладық. Ол ескі қойылымға деген зор құрметпен жасалған, алайда заманауи көрерменнің түсінігіне барынша жақындатылған. Оның тағы бір өнертабысы – музыкалық антракт кезінде скрипкашының сахнаға шығып, виртуоз әрі қиял-ғажайып музыканы орындауы болды. Бұл кезде адамның жаны оянады және бұл қойылым арасындағы үзіліс секілді көрінбейді, ол «Көрерменмен музыка арқылы сырласу» деп атауға болатын тамыры терең жеке қойылым іспетті. Оркестр үні ғажап естілді, труппаның өнер көрсетуі керемет, солистер де тамаша. Көпшілік сахна үйлесімді орындалды, алғашқы спектакль үшін кордебалет мұны таңғаларлықтай әдемі жасады. Әртістердің сиқырлы қолдарымен бірге Карабос перісінің драмалылығы ұнады, олар екі күн бойы өздерін нағыз әртістердей көрсетті. Жалпы, Алтынай Асылмұратованың көрерменге деген ыстық ықыласын білдіру мақсатында жасалған жұмысы мәнді туынды болды, – деп Галина Сотникова мен Ольга Малышева өз пікірлерін білдірді.