Сахнадағы «Шекпен»: адам тағдыры мен қоғам келбеті  

Театр – жай ғана сахна мен шымылдықтың арасы емес. Ол – қоғамның үні, уақыттың үкімі, халықтың жүрек соғысы. Ол қоғамдағы өзекті мәселелерге көз жұма қарамайды. Қайта сол шындықты сахнаға шығарып, көрерменнің жүрегіне жеткізеді, ойына қозғау салады.

Классик жазушы Н. Гогольдің «Шекпен» («Шинель») повесті – орыс әдебиетіндегі мәңгілік туындылардың бірі. Бұл шығармада суреттелген кішіпейіл, бейшара, бірақ адами қадір-қасиетін сақтап қалуға тырысқан Акакий Акакиевичтің тағдыры – тек бір адамның емес, тұтас қоғамның рухани ахуалының көрінісі. Ал бұл повестің театр сахнасында қойылуы – сөз өнерінен көру өнеріне, әдеби образдан тірі әрекетке көшу деген сөз. Бұл – көрерменнің көз алдында адам рухының күресін шынайы сезінудің жолы. Өз заманында реалист жазушы атанған Н. Гоголь өзінің повесті «Шекпенді» 1839 жылы жазып бастап, 1841 жылдың аяғында аяқтаған көрінеді. Бұл шығарманы жазуға түрткі болған сол уақытта халық арасында тарап кеткен шенеуніктер туралы анегдот әңгілмелер деген деректер кездеседі. Жалпы шығарма жалғыздық, қоғамдағы адамдар арасындағы теңсіздік тақырыптарын тарқататынынан хабардармыз.

 Аталмыш шығарма қазірге дейін өзектілігін жоғалтпай театр сахналарында инсценировкасы жасалып қойылып келеді. Соңғы жылдары қазақ театрларында да әр түрлі режиссерлердің интерпретациясында сахналанып жүр.

Атап өтер болсақ, 2023 жылы  Түркістан музыкалық драма театрында көптеген халықаралық фестивальдерде марапатталып жүрген жас режиссеріміз Фархад Молдағали  сахналады. Түркістан театрының «Шинелі» пластикалық шешімдері және бай сценографиялық көрінісімен ерекшеленіп, театрдың жас буын актерлеріне серпіліс алып келгендей еді. Театрдың «Шинель» спектаклі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында өткен «Сын – шын болсын…» атты республикалық театр фестивалінде «Үздік сценография» номинациясын жеңіп алды. Түркістан музыкалық драма театрының «Шинель» спектаклі – Н.В. Гогольдің классикалық шығармасын заманауи театр тілінде жаңаша интерпретациялаған туынды.

Сондай-ақ, 2022 жылы Петропавл қаласындағы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Калмык Республикасының еңбек сіңірген қайреткері Баатр Колаевтің режиссерлігімен сахнаға жол тартқан еді. Қойылым повест желісіндегі идеясынан ауытқып, режиссердің өзіндік көз қарасымен өзгеріске ұшырағандығын байқай аламыз. Дегенмен де, А. Акакиевичті сомдап шыққан И. Жақсылықтың рөлге жеке ізденістері спектакльде ерекше көзге түседі. 2024 жылы актердің ізденісі республикалық «Ертіс-Баян» фестивалінде жоғары бағаланып, «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

2024 жылы Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрында  Грузия мемлекетінің қуыршақ театрлары бірлестігінің басшысы Николоз Сабашвили режиссерлігімен «Шекпен» көрерменге жол тарқан болатын.

Қойылымның қуыршақ театрында сахналануы көркем шығарманың жеткізер ойын түрлендіріп, әр түрлі жастағы көрерменге ықшамдалғанын атап өтпеске болмас. Акакий Акакиевич Башмачкиннің анасының жатырында жетіліп өскенінен басталады. Көрініс кейіпкердің жетілуін қуыршақты ойнату арқылы өрбиді. Неонды қуыршақтар қараңғы сахнада қалықтап оқиғаны қысқаша әрі әсерлі көрсете алған. Режиссердің жаңа идеясы және эстетикасы қойылымның өзіндік көркемдік деңгейін жасап шыққан. Қойылым театрға тән түрлі мүмкіндіктер нақтырақ жарықтың, ситезатордың дыбысымен әрекеттердің сүйемелденуі, пантомима арқылы ультракүлгін қуыршақтардың сахна кеңістігіндегі қозғалысы, пластикалық шешімдермен кейіпкердің қуыршақтан адамға ауысатын мизасценалары, көпшілік сахнадағы сәтті қойылған хореграфиялық визуальды батыл әрекеттер қойылымға «перфоманстық» элементтерімен айырықша форма жасай білген.

Драматургиялық шығарманың философиялық мәні қоғамдағы «кішкентай адамдардың» орны, әлеуметтік теңсіздік, жалғыздық тақырыптарын автор адамдардың бойындағы комплекстерін әрі ішкі сезімдерін ашып қозғайды. Режиссердің интерпретациясында автордың мотивтерін заманауи мүмкіндіктер арқылы жеткізіп көрерменнің қызығушылығын тудыратын кесек туындыны сахнада шебер жинай алған. А. Акакиевичтің рөлін сомдаған актер Шохан Құлназаров өзінің жасап шығарған кейіпкерінің мақсатын бір сұхбатында тарқатып айтқан болатын: «Терең мазмұнды қамтитын тың туындының көрерменді берілмеуге шақырып, жақсылыққа жетелейтін тұстарының барын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, қойылым кішкентай көрерменін ізгі қасиеттерге баулып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді. Бұл, әсіресе балалар арасында буллинг фактілері жиі кездесетін қазіргі қоғам үшін аса қажет шығарма. Осы ретте көкейімізде классик жазушының осы бір шығармасына негізделген қойылымды балалар аудиториясы қалай қабылдайды деген сауал туындайды». Актердің бұл пікірі қойылымның ширек аудиторияға ықшамдалып жасалған туынды екенін нақтылай түседі.

Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанған аталмыш спектакль 2024 жылы Қазақстан Театр Сыншылар Бірлестігінің ұйымдастырған «CRITICS AWARDS VI» сыншылар жүлдесінде «Қуыршақ театрының жыл қойылымы» және Акакий Акакиевич рөлі үшін  Шохан Құлназаров «Қуыршақ театрының жыл актері» номинацияларын қанжылған болатын. Әлемдік ареналарда бақ сынап жүрген театрдың жоғары талғаммен жасап жатқан туындыларының қатары көбейіп, көрермен көзайымы болып театр тарихындағы алатын орны биік болсын деген тілектеміз.

Қорыта келгенде, классикаға айналған туындының қазақ театр сахнасында түрлі формалар арқылы көрерменге жол тартуы көңіл қуантатын құбылыс. Қазақ театр сахнасында өзіндік көркемдік шеберлігімен халықтың мәдени дамуына тікелей қызмет етіп жүрген жанкешті мамандардың көп болуы театр өнеріне сұраныстың артуына алып келеді. Адамның рухани байлығына әсер ететін бірден-бір өнер – театр өнері. Рухани бай халықтың ғұмыры мәнді болатындығына дәлел ретіне А. Чеховтың мына сөздерін дәйек етсек болады: «Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес». Тақырып аясында шығармашылығы талқыланған театрлар ұжымдарына толғай табыстар тілей отырып, өнер теңізіндегі кемелерінің алар асулары көп болсын дегіміз келеді.

Нарқыз Орынбасар

Театртану мамандығының 2 курс студенті