«Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы барлық адамдардың амандығын қолдау»

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы студенттері «Тұрақты даму мақсаттары – 2030» бағдарламасының үшінші мақсатына арналған талқылау өткізді. Бұл мақсат салауатты өмір салтын қамтамасыз ету мен қоғамның амандығын сақтау мәселелеріне бағытталған. Талқылау барысында студенттер заманауи медицинаның жетістіктері мен денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді сарапқа салды. Олар Қазақстандағы медициналық қызмет сапасын жақсарту, аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану және психологиялық денсаулықты сақтау мәселелерін қозғады. «Салауатты өмір салты – тек жеке бастың мәселесі емес, ол қоғамның ұжымдық амандығына әсер етеді. Университет деңгейінде спорттық клубтарды көбейту мен дұрыс тамақтануды насихаттайтын жобаларды іске асыру маңызды» – деп білім алушылар өз ойларын білдірді.

Талқылау барысында студенттер бірнеше проблемалық мәселелерді көтерді:

  1. Аурулардың алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі.
  2. Денсаулық сақтау саласындағы заманауи технологияларға қолжетімділіктің шектеулігі.
  3. Психологиялық көмек көрсету қызметтерінің әлсіздігі.

Студенттердің айтуынша, ұлт денсаулығы мәселесі бүгінгі күні күрделі сипат алып отыр. Талқылау барысында кафедра  жастары ұлт саулығын жақсартуға бағытталған бірнеше ұсыныстар айтты: студенттер спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырып, салауатты өмір салты туралы ақпараттық кампаниялар өткізуді ұсынды. ҚазҰУ-да бұл бағытта бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр, бірақ оларды кеңейту қажет. Жастар табиғатты қорғау бойынша еріктілер қозғалыстарын құру, сондай-ақ экологиялық білім беру бағдарламаларын енгізу қажеттігін айтты. Кафедраның білім алушылары ұлт саулығына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін жеткізді. Олар денсаулық сақтау мен экология мәселелері бойынша волонтерлік қозғалыстарға белсенді қатысып, өздерінің бастамаларын ұсынуға дайын. Ұлт саулығы – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың, басты назарында болуы тиіс. Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – адамзаттың денсаулығын жақсартуға бағытталған аса маңызды қадамдардың бірі. Кафедра студенттері бұл тақырыпты талқылау арқылы тек өзекті мәселелерді қозғап қана қоймай, оларды шешу жолдарын ұсынды. Студенттердің белсенділігі мен азаматтық ұстанымы – Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі. Бұл іс-шараның нәтижесі жастардың денсаулық сақтау саласын жақсартуға атсалысуға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті,талқылаулардың жиі өткізілуі қоғамның салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Дарханова С.Д., 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік

құқық кафедрасының оқытушысы