Санат Асуат — «Әзербайжан дауысы – 2025» байқауының іріктеу кезенінен өткен жалғыз қазақ қызы

19 жастағы Санат Асуат – «Әзірбайжан дауысы – 2025» (Səs Azərbaycan — 2025) байқауында бақ сынап жатқан жалғыз қазақстандық қатысушы. Жобаның көрмей таңдау кезеңіде атақты «Run to you» әнін орындап, төрешілердің үшеуін өзіне қаратып, ерекше вокалдық қабілетін көрсете білді.
Бала кезден келе жатқан арман
Санат — Атырау қаласының тумасы. Қазақ дәстүрін дәріптейтін, ата жолын сақтаған текті әулеттің қызы. Әкесі Мұрат Ғабдусалимов тек Қазақстанға емес, алыс-жақын шетелге танымал ұлттық спорт түрі садақ ісінің шебері. Жастайынан өнер жолын қуған Санат та әке жолын да сақтап, садақ атудың шебері, сондай-ақ, 8-Кю каратэ-до годзюрюдің сары белбеуінің иегері. Жан-жақты болып өскен әнші бала күнінен өнерге бет бұрып, талай байқауларда топ жарды. Ол бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Junior Eurovision Kazakhstan 2018 финалисі, «WAF Awards – 2022» иегері. Сондай-ақ, Франция мен Бельгия радиосында ротацияға енген қазақстандық орындаушылардың бірі. Ал бүгінде Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының студенті.
Үлкен сахнаға қадам
Көптеген додаларда үздіктердің қатарында көрінген Санаттың «Әзірбайжан дауысы – 2025» байқауына қатысуы кәсіби сахнаға жасалған үлкен қадам. Санаттың бұл жобаға қатысуы тек талант пен еңбектің ғана емес, тағдырдың да сыйы іспетті. Ол байқауға өтініш жіберген сәтте отбасы үлкен сынақты бастан кешіп жатқан еді.
«Өкінішке орай, өткен жылдың жазында атамыз дүниеден озды. Бұл қайғы отбасымыз үшін өте ауыр соққы болды. Ал байқауға өтінішті атамыз дүниеден өтпей тұрып жіберген едім. Ал жауап дәл сол қайғылы сәтте келді. Бұл жай ғана кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Атам мені қолдап тұрғандай сезіндім, сол үшін де еш күмәнсіз қатысатынымды растадым», – дейді Санат.
«Евровидение» жеңімпазының командасында өнер көрсетеді
Қазақстандық әнші тәлімгер ретінде «Евровидение-2011» байқауының жеңімпазы Эльдар Гасымовты таңдады.
«Оның шығармашылығын бұрыннан бақылап жүрмін. Маған әндері, өзін ұстауы, айтқан ойлары ұнайды. Одан үйренерім көп деп ойладым, сондықтан еш ойланбастан оның командасына бардым», – дейді Санат.
Төрешілер оның техникасын жоғары бағалап, дауысының үлкен мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Қобалжығаным білінді, бірақ Эльдар менің даусымды одан әрі дамытуға болатынын айтты. Бұл мен үшін үлкен мотивация», – деп бөлісті жас әнші.
Ғазиза Ұзақ
Telegram-канал: 📢 Казахстанская участница в команде победителя «Евровидения»!