Сапалы білім – саналы тәрбие негізі

Білім – адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру саласы кез келген қоғамның болашағын айқындайтын басты көрсеткіш. Сондықтан сапалы білім мен саналы тәрбие – мемлекеттің өркендеуінің негізі, қоғамның алға басуының кепілі. Сапалы білім – бұл тек қана білім көлемінің көптігі емес, оның адамның өміріне тигізер пайдасы мен қолданылу мүмкіндігі. Қазіргі заманда білім беру жүйесі тек ақпарат берумен шектелмей, тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етуі керек. Білім алушыға логикалық ойлау, шығармашылық қабілет, коммуникативтік дағдыларды меңгерту – басты мақсат. Білімнің сапасы қоғамның сұранысына сай болуы қажет. Инновациялық технологиялар мен цифрлық құралдар енген заманда мұғалімдер тек білім беруші емес, бағыттаушы және мотивация беруші рөлін атқаруы маңызды. Сапалы білім саналы тәрбиемен қатар жүрмесе, қоғамның рухани құлдырауына әкелуі мүмкін. Саналы тәрбие – жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, оның қоғамдық өмірге бейімделуіне көмектесетін басты құрал. Бұл жерде ұлттық құндылықтар, мәдени мұра, отбасылық тәрбие және адамгершілік ұстанымдары ерекше орын алады. Саналы тәрбие арқылы жастар өз еліне, жеріне құрметпен қарауды, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды үйренеді. Сонымен қатар тәрбие отбасынан бастау алатынын ұмытпауымыз керек.

БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму. Тұрақты даму мақсаттары  концепциясының 4 бөлімі -сапалы білім. Жоғары оқу орындары өз бағдарламаларын әрдайым еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сай бейімдеуі тиіс. Бұл тек академиялық білім емес, сонымен қатар студенттерге аналитикалық және кәсіпкерлік дағдыларды үйретуді де қамтиды. Осы жайтты ескере отыра, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  жаңа оқу бағдарламасымен және заманға сай оқыту үлгісін қолға алды. Сапалы білім беруде теориялық білімді практикамен ұштастыру маңызды. Білім беру мен тәрбие бір-бірімен тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болмақ. Студенттерді заманауи технологияларды дұрыс пайдалануға, медиасауаттылыққа үйрету – сапалы білім мен саналы тәрбиенің қосымша маңызды қыры. Сапалы білім еліміздің болашағы жарқын болуының кепілі. Білім берудің инновациялық әдістерін жетілдірумен қатар, адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуді басты назарда ұстауымыз керек. Өйткені қоғамда ойлы, саналы, тәрбиелі азаматтар көбейгенде ғана елдің өркендеуі жеделдейді.

«Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек ету әрқайсымыздың парызымыз.

А. САБИТОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультеті мемлекет және

құқық теориясы мен тарихы,

конституциялық және әкімшілік

құқық кафедрасының

аға оқытушысы, PhD докторы