«Сапфир» жобасы: Ядролық қауіпсіздік саласында АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың 30 жылдығы

Биыл АҚШ пен Қазақстан бірлескен «Сапфир» жобасының 30 жылдығын атап өтеді. Бұл тарихи операция барысында 600 келі жоғары байытылған уран (ЖБУ) Өскемендегі осал нысаннан шығарылды. Кеңес Одағы дәуіріндегі ядролық бағдарламаның мұрасы болып қалған бұл материалдың ұрланып кету қаупі жоғары еді. Бұл материал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінАҚШ-тың дипломатиялық жұмысының нәтижесінде анықталды. Материалды АҚШ-қа жеткізу арқылы бұл операция ядролық қарудың таралу қаупін едәуір төмендетті. 1994 жылы 23-ші қарашада АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон осы бір ерекше, әрі алғашқы операцияны құпиясыздандырып, әлемге жариялады.

«Сапфир» жобасы – АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің, әсіресе ядролық қауіпсіздік саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы.  1991 жылы 25-ші желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып мойындаған АҚШ бұл қарым-қатынасты басым бағыт ретінде қарастырып, таратпау саласындағы ынтымақтастықты негізге алды. Бұл операция ғаламдық қауіпсіздік мәселелерін шешудегі ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті, екі ел арасындағы терең сенімді қалыптастырды және Нанн-Лугардың Қауіп-қатерді бірлесіп азайту бағдарламасы аясындағы болашақ жетістіктердің негізін қалады.

«Сапфир» жобасы – дипломатияның ғаламдық қауіпсіздікті арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізе алатынын еске салатын керемет мысал», – деді Халықаралық қауіпсіздік және таратпау жөніндегі АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі С.С. Элиот Кан. «Ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл арқылы біз ядролық қаруды таратпау және осал ядролық материалдарды қауіпсіздендіру бағытында маңызды жетістіктерге қол жеткізе аламыз», – деп атап өтті ол.

«Бүгін Қазақстанмен бірге атқарып жатқан жұмысымыз – ядролық қауіпсіздік саласындағы мамандарды оқыту және жабдықтаудан бастап, бұрынғы Семей сынақ полигонын қорғауға дейін – барлығы өз бастауын «Сапфир» жобасынан алады. Біз ортақ қауіптерді азайту миссиясын қолдау мақсатында уақыт сынынан өткен серіктестігімізден күш-қуат алуды жалғастырамыз», – деп Қорғаныс қауіптерін азайту агенттігінің директоры Ребекка Херсман атап өтті.

Жоғары байытылған уран C-5 үш ұшағымен Теннесси штатының Оук-Ридж қаласындағы Y-12 Ұлттық қауіпсіздік кешеніне жеткізілді, онда АҚШ Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасы (DOE/NNSA) оны Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бақылауымен азаматтық мақсаттарға арналған төмен байытылған уранға айналдырды.

«Сапфир» жобасынан кейін 30 жыл өткен соң, NNSA аймақтық және ғаламдық ядролық қауіпсіздікті нығайту мақсатында артық қаруға жарамды материалдарды жоюды қоса алғанда, техникалық сараптама мен серіктестікті қолдауды жалғастырып келеді», – деді АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары және NNSA әкімшісі Джилл Хруби. «Осы тарихи операция аяқталғаннан бері біз Қазақстанмен бірге қосымша 210 келі жоғары байытылған уранды шығару немесе төмен байытылған уран алу бойынша жұмыстар жүргіздік және өзара серіктестікті нығайтуға дайынбыз».

«Сапфир» жобасының мұрасы әлемді қауіпсіз және бейбіт етуге   күш-жігерді тұрақты бағыттау үшін шабыт береді. АҚШ Қазақстанмен және басқа серіктестермен бірге ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жолындағы міндеттемелерін берік ұстанады. Ядролық қарудың таралуын болдырмау – тек ұлттық қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сонымен қатар, ғаламдық ортақ жауапкершілік. Біз осы қауіптерді азайту бойынша бірлесе жұмыс істеу арқылы ортақ қауіпсіздікті нығайтып, барлық елдер үшін тұрақты, әрі гүлденген әлем құруға үлес қосамыз.