Сатираның айтары мен астары

Сатира XX ғасырдың бас кезінен публицистиканың ажырамас бөлігіне айналған, ащы күлкі мен астарлы мәселе тоғысқан бағыт ретінде белгілі. Жанрлық ерекшелеліктеріне байланысты сатиралық жазбалар (фельетон, карикатура, эпиграма, бейнелік комикстер) журналистика тарихында, соның ішінде қазақ журналистикасында өткір сынның әсерінен туындағандықтан оқырманның назарына әрқашан ілігетін. Басылым беттерінде ойын – күлкіні астарлап, мағыналы ойды жеткізу сол заманның ерекше көрінісі болғаны айдан анық. Сатиралық басылым журналистері сатира бағытын үкімет, басшылық пен қоғамдық пікірталас мәселелерін бейнелеу үшін жиі қолданатын. Олардың арасында, «Шаншар», «Жаршы», «Балға», «Жас қазақ» және т.б. газет беттеріндегі материалдар дәлел. Ендеше, оларға жеке тоқталып, публицистік бағам жасасақ.

Партияның 1924 жылы өткізген XIII съезінен кейін сатиралық басылымдардың өрлеу кезеңі бастау алды. Себебі, «Баспасөз туралы» деген атпен арнайы қаулы бекітіліп, фельетон, шолу, әдеби сын мен баспасөзде әдебиеттің барлық түрлерін қолдануды күшейту керек деген партия шешімі қабылданады. Бұл алғаш қазақ тіліндегі сатиралық басылым «Шаншар» журналының шығуына алғышарт еді. Алғаш болғанымен билік тарапынан келетін сынға төтеп бере алатындай қауқарлы журнал болды. Оған дәлел ретінде журналдың алғашқы санындағы оқырманға таныстыру мақсатында жарияланған алғаш мақаланы айта аламыз. Осы мақала арқылы басылым авторлары қазақ халқына заман ағымымен өмір сүру керек екенін, тура жолды тауып, әділдіктің таңын атыру қажет деп халыққа ой салды.

Ташкент қаласында жарық көрген «Шаншар» журналы тарихта «екі тізгін, бір шылбыр» ұстаған басылымның бірі болып қалды. «Екі тізгін» деп отырғанымыз – бір тізгінімен кеңестіктерді қолдау идеясын ұстанса, бір тізігінімен кеңеске қарсыларды жоққа шығармауға атсалысты. Ал «бір шылбырдың» мәнімен сол заманда кеңесті қолдаса да, қолдамаса да адами құндылықтар мен өмір сүру салттарының бәріне бірдей ортақ екенін түсіндіре алды. Сатиралық басылым болса да қазақты тұтас ел қыламыз, жер қыламыз деп аянбай тер төкті. Осы үдерістер барысында екі тізгіннің де, бір шылбырдың да басын қатар ұстау ұлт мүддесінің сақталуына себепші болды.

«Шаншардан» бөлек 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті президиумы мен халық комиссарлар кеңесі қабылданған жаңа әліппені халық арасында насихаттау үшін «Жаршы» журналын шығарады. Алайда басылым толықтай күлкі – сықақ бағытын ұстанбады. Барынша кеңестік идеологияның кем – кетігі мен халық арасындағы мәселелерді басылым бетіне жалпақ тілде жариялап отыруды жөн көрді. Үкімет тарапынан қолдау тапқан басылымның бірі болғандықтан олардың көңілінен шығу да қиын болатын. Сондықтан болар сатира жанры газеттің басты мақсатын айқындай алмады.

Сатираның публицистикалық бағыттың бөлшегіне айналыуына себеп болған келесі журнал «Балға» басылымы. 1932 жылы алғашқы саны оқырман қолына жетіп, сол кезден бастап ауыр астары бар жазбаларды жариялап отырды. Аты да, заты да ерекше «Балғаның» мағынасы да қызы еді. Өзін таныстыру үшін «Мен пролетариаттың күшті қаруы мен еңбек құралымын. Мен қирата да алам, бұза да алам, соғып та аламын және күлдіру де қолымнан келеді. Балғамын ойын шығармай, іс қыламын» — деп, өзін таныстырады. Басты мақсаты бай – кулактарды әшкерелеп, олардың күл – талқанын шығару еді.

«Балға» журналына Ілияс Жансүгіровтің де еңбегі көп сіңді, оған дәлел ретінде мына сөздерін айта аламыз. «Мен қалай жаздым?» мақаласы: «әдебиеттің күлкі, сықақ түрі де бізде өсіп-өнбеген нәрсе. Менің осыған да ыңғайым бар… Менің фельетондарым, сықақ өлеңдерім – біздегі жоқ әдебиеттің сықақты түрін туғызуға істеп жүрген қызметтерім… Фельетонның жаңа түрін, үлгісін қазақ баспасөзіне кіргізуге біраз қызмет етіп келемін». Одан бөлек журнал бетінде М.Ғатаулиннің «Моды», Қ.Қуанышбаевтың «Өшірет», Қ.Тайшықовтың «Айна алдында», «Өкінемін» деген сықақ өлеңдері мен өткір астары бар фельетондары жарық көрді.

Бұл басылымдардан бөлек мақсаты басқа газет, журналдарда да сатираның орны бөлек болатын. Мысалға алсақ, «Еңбекші қазақ», «Тіршілік», «Ақ жол» мен «Дұрыстық жолы» басылымдарында да әзіл – ысқаққа орын болды. Ақпан революциясынан кейінгі кездер, Колчактардың істері жайлы және қазақ интеллегенциясы мен биілігі жайлы сөз қозғалып сатиралық бағыттағы жазбалар осы басылым беттеріне жарияланды. Дәл осы кезең қазақ сатирасының енді қалыптастқан кезі еді. Бастауын жаңа алса да қоғамда кең етек алған тақырыптар жиі қозғалды. Мысалы, әйел теңдігі, әділетсіздік, ескі өмір мен жемқорлық.

Ойымды қорытындылай келе, сықақ журналдары қазақ публицистикасына жаңа дем берді. Астарлы ойдың халыққа күлкі арқылы жетуі сол кез үшін жаңа бағыт еді. Бұл сатираның келуімен баспасөз бетіндегі тәжірибенің жақсарып, жаңа әдістер қалыптасуына себеп бола алды.  Одан бөлек жастар арасында сықақ тақырыптарға қызығатындар көбейіп, газет, журнал оқитын оқырман саны артты. Ал ең бастысы бұл сатираны өз алдына жеке түрлендіре түсуге жол ашты. Сатираның айтары да, астары да көп…

Мөлдір ТҮКТІБАЙ,

ҚазҰУ-дің 1-курс студенті.

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент

Р. ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА