Сегіз серінің шығармашылығынан ән-жыр
Сегіз серінің «Гауһартас», «Назқоңыр», «Сәулем-ай» ғажайып әндері мен басқа да туындылары «Астана Опера» сахнасында қайта жанданып, көрермендерді музыка халықтың жанына айналған дәуірге жетелейді. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай терең үндестігі мен сан алуан сезімдерімен танымал осынау ғажайып әлемді қайта жаңғыртады. Біртуар әнші, ақын әрі композитор Сегіз серінің шығармашылығына арналған вокалдық музыка кеші 20 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық залда өтеді.
Қазақ халқының мұрасына айналған музыканы жаңғырту – елордалық театрдың негізгі мақсаттарының бірі.
— Әр ағашқа тамыры қалай маңызды болса, әрбір адамға оның шыққан жері мен тегі, отаны мен тарихы, туған әндері солай маңызды. Дәл осы халық әндері композиторларға опера мен балет жауһарларын жасау үшін шабыт көзі болған. Мен естіп өскен қазақ халық әндері – шығармашылығымның бесігі. Бұл мені тарихыммен, еліммен, музыкалық отбасыммен және ата-бабаммен байланыстыратын арқау. Бүгін мен түп-тамырымызға, оның ішінде кең байтақ Сарыарқа даласының перзенті, халқымыздың ұлы мақтанышы және әйгілі Құдіретті арғы атам, өз заманының айтулы азаматы, кадет корпусын бітірген офицер, өз елінің патриоты – композитор Сегіз серінің шығармашылығына ден қойып отырмын. Ол жауынгер ретінде Махамбет Өтемісұлының азаттық қозғалысына қатысқан, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және тағы басқа поэмалардың алғашқы нұсқасының қолжазбасын жасаған. Ең бастысы, әйгілі «Гауhартас», «Алқоңыр», «Ақбақай» сынды айтулы әндерді шығарды, бұл әндерді жалпылама түрде жай ғана халық әндері деп атау орынсыз. Керемет жүргізуші, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Жұмамұрат Шәмші концертте осы және басқа да жайттар туралы әйгімелей отырып, Сегіз серінің өмірінен әсерлі де қызықты хикаялармен баурап алады, — деп пікірімен бөлісті Жаннат Бақтай.
Концерт өз елінің мәдени кодын тануға және сақтауға ұмтылған барлық жандар үшін мерекеге айналады. Сегіз серінің туындыларынан бөлек, бағдарламада халық әндері, сондай-ақ Қазақстанның заманауи композиторларының шығармалары шырқалып, дәстүрлерді жалғастырады және музыкалық өнердің көкжиегін кеңітеді.
— Менің концертім – бұл проза, поэзия мен музыка бір-бірін бірқалыпты толықтырып, үйлесімді шырқалатын музыкалық-әдеби кеш. Ұлттық өнерді, халық музыкасын насихаттау – барлық уақыттарда бүкіл ұрпақ үшін өзекті болды. Музыканы тыңдау ғана емес, сондай-ақ туындының жазылу тарихы, оның авторлары, қызықты деректер мен болған оқиғалар жайлы айту маңызды. Өйткені өзінің дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін, ділін, тарихын білетін, яғни өзінің мәдениетін танитын адам – бұл сенімді, күшті, үйлесімді, жүрегі жомарт, ниеті түзу әрі адамгершілігі мол жан. Сондай-ақ оның түйсігі мен жан дүниесі басқа мәдениеттерді қабылдауға және құрметтеуге ашық. Менің бұл концерттегі мақсатым – тыңдармандарға сазды ләззат беру ғана емес, сонымен қатар концертке ағартушылық сипат үстеу. Халық әндері мен Сегіз сері әндерінің әуендері заманауи үйлесімділікпен көмкеріліп, безендіріледі, тамаша композитор-мультиаспапшы Әділжан Толықпаевтың жаңа дыбыстауына толады. Сондай-ақ көпшілік «Астана Операның» тамаша солистері Нарұл Тойкенов пен Расул Жармағамбетовтың ғажайып дауыстарын тыңдау мүмкіндігіне ие. Көрермендердің үміттері толығымен ақталатынына сенімдімін, — деп қорытындылады әнші.
«Ұлы дала сазы» топтамасынан «Гауhартас» вокалдық музыка кеші көрермендерге халық өнерінің әсемдігі мен ұлылығына бойлауға мүмкіндік беріп, өткенге саяхат жасатпақ. Бұл мәдени мұраны сақтаудың және оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы болып қала бермек.