Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Семсерлесуден еліміздің ерлер құрамасы Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Финалда отандастарымыз Жапонияға жол берді.
Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов пен Ерлік Сертай квартеті 1/8 айналымда Филиппиннен басым түсті (45:37). Сосын Өзбекстан спортшыларын ұтты (45:40). Ал жартылай финалда құрылықтағы көшбасшының бірі Оңтүстік Кореяны жеңді (42:36).
Бұл Қазақстанның Уси қаласындағы биылғы чемпионатта қол жеткізген алғашқы жүлдесі. Мұнда Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік беретін рейтинг ұпайлары үшін 20 елден келген 400-ге тарта спортшы сынға түсіп жатыр.