Sergek Qorgau халықаралық аренада: қазақстандық полицияның жетістігі шетелдік сарапшылар тарапынан бағаланды

Қазақстандық IT мамандардың әзірлемесі – Sergek Qorgau («Қорғау») мобильді қосымшасы халықаралық зерттеу ұйымдарының және салалық басылымдардың назарын аударды. IDC-тің «ақылды көлік» саласындағы жаһандық үрдістерге арналған аналитикалық сараптамасында Qorgau құқық қорғау органдарының цифрлық трансформациясының және жол қауіпсіздігін арттырудың озық үлгілерінің бірі ретінде аталды.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын пайдалануындағы инновациялық тәсілін жоғары бағалады. Computerworld, Network World сияқты басылымдарда Sergek интеллектуалды жүйесі мен Qorgau қосымшасының негізгі функционалы қарастырылған.

Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Кимнің айтуынша, қосымша патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне орнатылады және қалалардағы аппараттық-бағдарламалық кешендермен біріктірілген.

«Sergek интеллектуалды жүйесі жол қозғалысы жағдайын нақты уақытта талдап, ақпаратты полиция қызметкерлерінің планшеттеріндегі Qorgau мобильді қосымшасына жібереді. Қосымшаның көмегімен жол ережесін бұзушыларды, жалған нөмір тағылған көліктерді, жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаларды, іздеуде жүрген көліктерді немесе ықтимал қауіпті жүргізушілерді анықтауға болады. Бұл шешімдерді қолдану полицияның қаладағы әртүрлі жағдайларға жедел әрекет етуіне және қылмыстардың ашылуын жеделдетуге мүмкіндік береді«, — деді Евгений Ким.

Халықаралық талдау агенттіктері Қазақстанның жол полициясы жұмысын автоматтандыру бойынша кешенді тәсілді мемлекеттік деңгейде енгізген алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Кішкеновтің айтуынша, полиция қызметінде Sergek Qorgau қосымшасын қолдану қызметкерлерді ережебұзушыларды жеке-жеке бақылау және көліктерді себепсіз тоқтату қажеттілігінен босатты. Енді ережебұзушыларды, борышкерлерді және іздеуде жүрген автокөліктерді оңай анықтауға мүмкіндік бар.

«Жыл басынан бері Қазақстан жолдарында Sergek Qorgau мобильді қосымшасының көмегімен 8,5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды. Олардың ішінде 3,8 мыңнан астамы — сақтандыру полисінсіз көлік басқару, 1,3 мыңнан астамы — мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізу, 86 көлік — жалған нөмірлермен, 261 жүргізуші — жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік басқару және 2 мыңнан астам көлік — техникалық байқаудан өтпегені анықталды. Сонымен қатар, 1000-нан астам автокөлік іздеу салынған көліктер ретінде ұсталды«, — деді аға инспектор Кішкенов.

Қазақстанның бұл табысты тәжірибесін жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы жол қозғалысын бақылау тиімділігін арттыруға мүдделі өзге елдер де пайдалана алады. Халықаралық қызығушылық Sergek Qorgau және басқа да қазақстандық әзірлемелерді әлемнің өзге өңірлерінде енгізудің перспективалы үлгісіне айналдырып отыр.

Sergek Group коммуникация департаменті