Шетелдік көрермендер «Айсұлу» ұлттық операсына баға берді

Астанада өтіп жатқан «Опералия» халықаралық фестивалі аясында «Астана Опера» сахнасында композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» тұңғыш қазақ комедиялық операсы шырқалды. 20 мамырда ұсынылған қойылым сол күні театрға көптеп келген шетелдік меймандардың шынайы қызығушылығын туғызды.

– Бұл мен үшін керемет жаңалық болды! – деп пікірімен бөлісті Қазақстанға Германиядан іссапармен келген көрермен Агна Хансен. – Әріптестерім маған «Астана Операға» барып келуге кеңес берді. Қазақ опералық комедиясы туралы ешқашан естімеген едім, алайда «Айсұлу» өзінің жарқын оқиға желісімен баурап алды. 60-шы жылдардың атмосферасы әрбір бөлшекке деген айрықша сүйіспеншілікпен жасалғаны сонша, мен өзімді кеңестік қаланың көшелерінде жүргендей сезіндім.

Расымен де, газет сататын көше дүңгіршегі, ескі шамдар, рельстердегі вагондар, телефон будкасы – осының барлығынан сол дәуірдің лебі еседі. Бұл декорациялар – іс-әрекеттің толыққанды қатысушылары. Олар көрермендерге Айсұлу мен Серке өмір сүрген уақыт туралы баяндап, сол кезеңнің романтикасы мен аңғалдығын атап көрсетеді.

– Өзімнің жастық шағыма оралғандай күй кештім, – деп ағынан жарылды Италиядан келген опера жанкүйері Роберто Мартини. – Мен 60-шы жылдары Италияның провинциясында туып-өстім, сондықтан осынау қарапайымдылық пен оптимизм маған таныс. Ал музыка қандай десеңізші! Ол тіпті баурап алады!

Көрермендер әсіресе басты партияны орындаушыларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Айсұлу рөліндегі Назым Сағынтай мен Серкенің бейнесіндегі Дінмұхамед Көшкінбаев көпшіліктің зор қошеметіне ие болды. – Бұл жұп өз рөлдерін тамаша орындады, – деп сөзін жалғастырды Роберто Мартини. – Олардың дуэтінде жастық шаққа тән нағыз сезім мен әзіл бар!

«Айсұлу» спектаклінің комедиялық жанрға жататынына қарамастан, онда мансап пен сезім арасындағы таңдау, менмендік пен ізгі ниеттің қақтығысы сынды маңызды әлеуметтік және жеке тақырыптар қозғалғанын көрермендердің көбі атап өтті. Орындаушылардың жарқын ансамблі қойылымның басты табыстарының бірі болды. Назым Сағынтай (Айсұлу) колхоздың бірінші сұлуының әрі екпінді жұмыскерінің сүйкімді бейнесін жасады. Оның дауысы нәзік естілді, ал рөлді сомдауы шынайылығымен баурап алды. Серіктесі Дінмұхамед Көшкінбаев (Серке) өз кейіпкерінің аңғалдығын, менмендігі мен ақкөңілділігін жеткізіп, көпшілікті колхоздан шыққан арманшыл жаспен бірге уайымдауға мәжбүрледі және күлдіртіп те алды.

Шыңғыс Расылхан (Хасен), Талғат Аллабиринов (Әубәкір), Болат Есімханов (Академик), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев (Әбдіқадыр) және Газет сатушысы мен Милиция қызметкері сынды бірден екі жарқын рөлді сомдаған Сұлтан Бақытжан спектакльге комедиялық қуат үстеді. Олардың өз рөлдерін жеңілдікпен сомдауы, сахналық пластикасы мен ырғағы сахнаға әрбір шыққан сәттерін қошеметтеуге  себеп қылды. Әйел бейнелер де, атап айтқанда Әсем Сембина назды қылықпен сомдаған Жансұлудың, Салтанат Мұратбекова салмақтылықпен таныстырған Нұрсұлудың партиялары керемет жарасымды шықты.

«Астана Опера» дирижері, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруындағы оркестр спектакльді дәуір үніне толтырды, ал театр режиссері Еренбақ Тойкенов көрермендерге кез келген аудиторияға түсінікті әрі жанына жақын көңілді спектакльді тарту етті.

Комедиялық опера қою – оңай шаруа емес: жанрдың жеңілдігін сақтау, музыкалық және драматургиялық сапасын түсірмеу әркімнің қолынан келе бермейді. «Айсұлудың» қойылымдары біздің кезеңімізге түгел дерлік жетпегені таңғаларлық жайт емес. Алайда Сыдық Мұхамеджановтың қызының айтуынша, қазіргі нұсқасы композитордың көргісі келген нұсқасы болып табылады. Спектакль сол дәуірдің рухын жоғалтпай, жаңа бояулармен жанданды, заманауи интонациялармен үн қатты.

Сондай-ақ адамның қандай елде дүниеге келгеніне қарамастан, сауық-сайран, махаббат, арман мен адами жылулықтың әрбір жанға түсінікті екенін көрермендер де дәлелдеп берді.

Telegram-канал: Шетелдік көрермендер «Айсұлу» ұлттық операсына баға берді