Шоқан – қазақтың тұңғыш ғалымы

Қазақ даласы – тарих қойнауынан сыр шертетін шексіз кеңістік. Сол кеңістіктің төсінде уақытынан озып туған тұлғалар болған. Солардың бірі — еліміздің ғылым шамшырағына айналған, қысқа ғұмырында ғасырларға татырлық еңбек қалдырған Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Оның есімі аталған сәтте қазақтың алғашқы ғалымы деген айрықша құрметті атау ойға оралады. Шоқан Уәлиханов – ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ даласынан түлеп ұшқан тұңғыш ғалым, саяхатшы, ағартушы, ойшыл, этнограф әрі тарихшы.
Шоқан 1835 жылы Құсмұрында дүниеге келген. Абылай ханнан тараған ұрпақ, Уәли ханның немересі, Шыңғыс сұлтанның баласы болған ол жастайынан ерекше зеректігімен көзге түсті. Оның табиғи талпынысы мен алғырлығын әкесі байқап, білімге баулыды.
«Әжесі Айғаным ханымның бауырында алаңсыз еркелеп өскен бала Шоқан жасынан ақылдылығымен, зеректігімен ерекшеленген екен. Ақылды әжесі Айғаным ханым да немересіне ерекше ықылас білдіріп, болашағынан зор үміт күткені анық.
Айғаным ханымның сол кезде қазақ даласында жиі кездесе бермейтін ерекше қонысы өз заманының озық өнер ордасы қызметін атқарса керек. Сырымбет бауырындағы көп бөлмелі, жанында мешіті мен диірмені бар қарағай үйге келіп түсетін өнерпаз әншілер, күйшілер мен жыршылар, билер мен шешендер, діни ғұламаларды Шоқан жастайынан тыңдап өседі. Тіпті Ресейдің үлкен қалаларынан, алыс Еуропа елдерінен келетін зертетушілер мен жиһанкездер де ат басын тірейтін қоныстан қыс бойы қонақ үзілмейтін болған. Болашақ ғалым Шоқан Уәлихановтың бақытты балалық шағы осындай әсерлі де ғажайып ортада өтеді».
Шөже, Жанақ, Арыстанбай сияқты жыршылардың бір жырлағанда бірнеше күн мен түнге жететін батырлар жырларын, ғашықтық, діни қиссалар мен дастандарды тыңдайды. Шоқан ауыз әдебиетінен өзге, араб, парсы, шағатай, орыс тілдеріндегі әдеби шығармаларды да әжесінің, айналасындағы өзге де көзі ашық зиялылардың айтуымен жадына тоқып өскені – болашақ ғылым жолындағы жетістіктеріне әсерп еткені анық. Осылайша, жастайынан ұлтының тарихына, әдебиетіне жақын болып өседі.
Шоқанның ғалым болуына әкесі Шыңғыс пен нағашы атасы Мұса Шормановтың да әсері болды деп айта аламыз. Кей деректерде әкесі мен атасының Ресей Ғылым академиясының тапсырмасымен қазақ арасындағы ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен айналысқаны айтылады. «Балалық шағында ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» дала поэмаларының бірнеше нұсқаларын көшірген. 12 жасында далалық салт-дәстүрлердің білгірі ретінде танымал бола бастады. Омбыға аттанар алдында Шоқан оқуға дайын бала болды».
Шоқан он екі жасында Омбыдағы кадет корпусына оқуға түсіп, Ресейдің ең таңдаулы ұстаздарынан дәріс алды. Дәл осы жерде оның ғылымға деген құштарлығы артып, Еуропа мен Ресейдің озық ойлы әдебиетімен, тарихымен, мәдениетімен танысты. Ол А.С. Пушкин, М. Лермонтов, Н. Гоголь шығармаларын сүйсіне оқып, орыс зиялыларымен еркін пікірлесіп, оларға қазақ халқының рухани байлығын танытты.
Шоқан Орта Азияны аралап, түрлі ғылыми экспедициялардың бел ортасында жүреді. Соның арқылы тарих, этнография, әдебиеттану, география, археология, т.б. ғылым салаларында қалам тартты. «Қазақтың халық поэзиясының түрлері» атты зерттеуінде жыршылық дәстүрді, оның тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Әсіресе, қырғыздың ұлы эпосы «Манасқа» қатысты жазған еңбегі – Шоқанды бүкіл әлемге танытқан тарихи мұра. Ол жырдың көркемдік қуатын жоғары бағалап, оның халықтың рухани коды екенін дәлелдеді.
Шоқанның саяхатшы ретіндегі еңбегі де айрықша. Оның «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалары», Қашқария сапарында жазған еңбектері – Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін танытатын аса құнды деректер. Қытай мен Орта Азияға қатысты мәліметтер жинап, Ресей ғалымдарына бұрын-соңды белгісіз тарихи, географиялық деректерді жеткізді. Осы еңбектері үшін ол небәрі жиырма үш жасында Орыс география қоғамының толық мүшесі атанды.
«Әйгілі Қашқария сапары – Шоқан Уәлихановтың жиһангез ғалым ретіндегі даңқын Ресей мен Еуропаға әйгіледі. Оның қауіп-қатерге толы бұл сапарын Ресей патшалығы ерлік жасаған еңбек деп жоғары бағалайды. «Әскери кавалерияның поручигі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың қажырлы еңбегін, ортаазиялық шекараларды тексеріп қайту тапсырмасын орындау кезіндегі қауіп-қатерлерді жеңіп шыққан азабын ескеріп, штабс-ротмистр шені беріліп, төртінші дәрежелі, қасиетті «Владимир» ордені қоса тапсырылып, 500 сом күміс ақшамен біржолғы жәрдем көрсетілсін», – деген деректі шоқантанушы ғалым, академик Әлкей Марғұлан келтіреді.
Аққан жұлдыздай ғұмыры қысқа болғанымен, Шоқан қалдырған мұра ғасырдан ғасырға өтпек. Өз ұлтын, оның әдебиетін, мәдениетін, тарихын сүюді әр адам Шоқандай ғалымдардан үйрену керек. Қазақ халқының тарихын зерттеу арқылы ол әлемге қазақтың мал соңында жүрген жабайы халық емес, ұлттық мәдени құндылықтары бар халық екенін дәлелдеді. Оның еңбектері қазақ ғылымының ғана емес, әлемдік шығыстану мен этнографияның алтын қорына енді.
«Құйрықты жұлдыздай» жарық ете қалып сөнгенмен, оның артында қалған еңбегі Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлікей Марғұлан, Ермахан Бекмаханов сияқты зерттеуші-ғалымдардың жаңа легін алып келіп, қазақ ғылымының ары қарай дамуына әсер етті.
Әмина СҰЛТАНМҰРАТ,
ҚазҰУ-дің 1-курс студенті.
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к.,
доцент Р.С.ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА


