Шолпан-Атада Орталық Азия елдерінің туристік ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды

Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Іс-шараға Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Қасымалиев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, туристік әкімшіліктердің өкілдері, Орталық Азия елдерінен келген туроператорлар мен сала сарапшылары қатысты.

Бағдарлама аясында Қырғызстанның бай мәдени мұрасын бейнелейтін бірегей қолөнер бұйымдары ұсынылған халықаралық қолөнер және халық шығармашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ іс-шарада қырғыз халқының шеберлігін және ұлттық болмысын көрсететін киіз үйді жылдам тігу бойынша ұлттық жарыс өтті.

Дәстүрлі іс-шарадан кейін «Туризм – 2030: Орталық Азия – бірыңғай туристік кеңістік» атты халықаралық форумның салтанатты ашылуы өтті. Форумға қатысушылар трансшекаралық бағыттарды дамыту, визалық рәсімдерді келісу, цифрлық шешімдерді енгізу, өңірлік туристік брендті қалыптастыру және туризм саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

«Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері туристік саланы дамытудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Қазақстан өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруді тек маңызды бастама емес, сонымен қатар стратегиялық тұрғыдан тиімді шешім деп санайды. Себебі турист үшін маңыздысы — шекаралар емес, сапардан алған әсер мен қолайлы жағдай. Сондықтан Қазақстан ортақ стандарттармен, заманауи цифрлық шешімдермен және Silk Road – Central Asia брендімен бірыңғай туристік кеңістік құруды ұсынады», – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Сонымен қатар Қазақстан елдер арасындағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамыту үшін өңірлік жобалық офис құруға бастамашы болып, Орталық Азияны халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған пилоттық науқанды биыл іске қосуды ұсынды.

ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті