Shymbulak тау курорты қысқы маусымның ашылуына дайындалуда

Қысқы маусымның ашылуына орай Shymbulak тау курорты Алматыда дәстүрлі «Тау қауіпсіздігі: Қысқы маусым» атты ақпараттық сессия өтті. Іс-шараны Shymbulak Outdoor бөлімі ұйымдастырып, оған журналистер, кәсіби құтқарушылар, альпинистер, сарапшылар, ТЖД өкілдері мен туристік қауымдастық мүшелері қатысты.
Қонақтардың қауіпсіздігі – Shymbulak курортының басты басымдықтарының бірі әрі корпоративтік мәдениеттің маңызды бөлігі. Курорт қауіпсіз демалыс бағытындағы жұмысты жүйелі түрде дамытып, қызметкерлерді, нұсқаушыларды және қонақтарды оқытуға арналған бағдарламалар мен бастамаларды енгізіп келеді.
«Біз үшін тауда саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Әрбір қонақ қауіпсіздікті өз демалысының ажырамас бөлігі ретінде қабылдаса дейміз. Біз әр маусым сайын ақпараттық сессиялар өткізіп, дұрыс жабдықталу мен тау бөктерінде тәртіп ережелері туралы айтамыз. Сондай-ақ, арнайы бейнероликтер мен нұсқаулықтар таратамыз. Курорт аумағында ski-патруль – кәсіби құтқарушылар тобы үнемі жұмыс істеп, жыл сайын шетелдік мамандардан арнайы дайындықтан өтеді. Олардың тәжірибесі мен кеңестері біз үшін өте құнды», — деді Shymbulak Outdoor бөлімінің жетекшісі Махамбет Абдуллаев.
Shymbulak курорты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында техникалық жабдықтауға, құтқару құралдарын жаңартуға, арқан жолдарында профилактикалық жұмыстар жүргізуге және эвакуациялау іс-шараларын ұйымдастыру дайындығына ерекше көңіл бөледі.
Дегенмен, қауіпсіздіктің жоғары стандарты сақталғанның өзінде, көп нәрсе қонақтардың өз дайындық деңгейіне де байланысты.
«Тауға шықпас бұрын мұқият дайындалған жөн. Дұрыс таңдалған киім мен жабдық суықта тоңып қалмауға көмектеседі. Міндетті түрде қорғаныс құралдарын пайдаланыңыз, өзіңіздің сырғанау деңгейіңізге сай трассаны таңдаңыз. Ең бастысы — нұсқаушылардан кеңес сұраудан ұялмаңыз. Бұл денсаулығыңызды сақтауға және жақсы көңіл күйде болуға көмектеседі», — деді кәсіби құтқарушы, Shymbulak Outdoor резиденті Александр Голованов.
Құтқарушылар сондай-ақ тау бөктерінде FIS халықаралық ережелерін сақтауды талап етеді. Кейбір шетелдік курорттарда осы ережелерді бұзу заңдылық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Таудағы қауіпсіздік – тек Shymbulak аумағында ғана емес, жалпы маңызды мәселе. Алматы қаласының ТЖД мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 9 айында ҚР ТЖМ құтқару бөлімшелері, Алматы қаласы ТЖД және еріктілер 302 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізген. Осы жұмыстар барысында 482 адам құтқарылып, олардың ішінде 88 кәмелетке толмағандар болды. Ал 69 жағдайда зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетілді.
«Жыл сайын тауларға шығатын турист саны өсіп, соның салдарынан әртүрлі оқиғалар қатары көбейіп жатыр. Әдетте бұл өсім дайындалған кәсіби альпинистер мен туристер есебінен емес, негізінен дайындықсыз келетін әуесқойлардан тұрады. Туризм басқармасының мәліметі бойынша, біздің таулы аймаққа келетін туристік ағын жыл сайын шамамен 20%-ға артады», — деді Алматы қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Денис Ярцев.
Shymbulak Outdoor резиденті, «Тұйық-Су» альпинистік лагерінің директоры Артем Скопин кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше мән берді.
«Биыл тауларда жасөспірімдердің белсенділігі айтарлықтай өсті. Олар өзара жабық қауымдастықтар құрып, маршруттар мен жетістіктерімен бөліседі. Көп жағдайда бұл ата-анасыз немесе үлкендерсіз өтетін жеке шығулар, сондықтан қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Сол себепті жасөспірімдерді тауда саналы әрі қауіпсіз әрекет етуге үйрету өте маңызды», — деді Артем Скопин.
Іс-шара барысында қатысушылар ашық пікірталасқа қатысып, спикерлерге сұрақ қойып, қыста тауда қауіпсіздікті сақтап жүруді нақты мысалдармен талқылады.
Shymbulak Outdoor үшін бұл кездесулер жақсы дәстүрге айналып, тауда қауіпсіз және саналы демалыс мәдениетін дамытуға бағытталған.


