Шымкентке жұмыс сапары: Комитет төрағасы стихиялық сауда барын сынға алды
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтың өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Комитет төрағасы Шымкент қаласына сапары аясында қала әкімдігінде қаладағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын реттеу және тұрақтандыру бойынша жиын өткізді. Жиынға Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы, кәсіпкерлік және индустриалды–инновациялық даму басқармасының, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысылары қатысты. Сондай-ақ Төраға бағаны негізсіз қымбаттатуға жол бермеу, тұрақты ұстап тұру жөнінде жедел әрі тиісті шаралар қабылдау туралы тапсырма берді.
Айдар Әбілдабеков іс-сапар аясында Шымкенттегі «Қырғы базар», «Назым апа»,«Жабық базар», «Автонұр», «Самал», «Алаш», және «Жаңа шахар» сауда базарларын аралап, жеке кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу кезінде, стихиялық сауданың барын сынға алды.
«Қаладағы барлық дерлік базарларды аралап келеміз. Сауда орындарында стихиялық сауда бар. Бұл дегеніңіз белгіленбеген орында заңсыз сауда жасау. Осы стихиялық сауда кезінде азық-түліктен улану, түрлі инфекцияның таралуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан өңірлік департамент осы жағдайға қатысты белсенді жұмыс жүргізуі керек», — деді Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.
Жалпы биыл елде 16 сауда базары жаңартудан өтетін болса, соның үшеуі Шымкентте орналасқан. Олар «Алаш», «Самал», «Жаңа Шахар» базарлары. Қазіргі таңда сауда базарларын жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бұл шаралар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.