Шымкентте газға жеңілдік беретін цифрлық ваучерлер жүйесі сәтті енгізілді
«Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй көмегін (ТК) алатын Шымкент қаласының 1616 тұрғыны газға жеңілдік алу үшін цифрлық ваучерлерді пайдаланды. Жеңілдік мөлшері 24% құрады. Бұған дейін пилоттық жобаны іске асырудың бірінші айының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының 840 тұрғыны газға жеңілдік алған болатын.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсанына дейін жеңілдік беру механизмі қолмен жүзеге асырылды: алушылардың тізімдерін әкімдіктер жіберіп, олардың деректері абоненттер базасымен салыстырылды. Алайда, мекенжай ауыстыру, деректердегі қателіктер немесе меншік құқығының болмауы сияқты факторлардың салдарынан көмекке мұқтаж кейбір азаматтар көмек ала алмады. 2024 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «QazaqGaz Aimaq» АҚ қолдауымен eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» арқылы жаңа цифрлық механизм енгізілді.
Енді процесс автоматтандырылды:
- Азаматтарға 1414 нөмірінен жеңілдік туралы ақпараты бар SMS-хабарлама келеді.
- Қатысуды растау үшін азаматтар өздерінің жеке шоттарын көрсетеді.
Бұл тәсіл бірқатар қателіктерді жояды және көмектің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз ете отырып, процесті едәуір жылдамдатады.
Пилоттық жоба аясында цифрлық тәсілді енгізу әлеуметтік қолдауды дамытудағы маңызды қадам болды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ әрбір мұқтаж азаматтың көмекті алуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жасауды және жүйені жақсартуды жалғастырады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласында табиғи газды 240 мыңнан астам абонент, 7 мыңға жуық коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар мен 430 өнеркәсіптік кәсіпорын пайдаланады. Жалпы, қала бойынша 8 мың шақырымнан астам төмен, орта және жоғары қысымды газ желілері пайдаланылады, оларға «QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының 577 қызметкері қызмет көрсетеді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ қоғаммен байланыс және ИМЖ жөніндегі департаменті