Шымкентте Қазақстанның үздік жас робототехниктері анықталды

Шымкентте World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Олимпиаданы дәстүрлі түрде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы өткізді.

Биылғы жарысқа Қазақстанның барлық аймағынан жиналған 137 командада 300-ге жуық оқушы бақ сынады. Олардың қатарында ауыл мектептерінен құралған 10 команда да бар. Екі күн бойы жас инженерлер робототехниканың көмегімен адамзат өмірін жақсартып, жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосатын жобалар жасайды.

2025 жылғы маусымның тақырыбы — «Future of Robots». Жарыс RoboMission, Future Innovators, RoboSports және Future Engineers категориялары бойынша өтті. RoboMission санатында қатысушылар автономды робот жасап, шектеулі уақыт ішінде тапсырмаларды орындады. RoboSports санатында робот-командалар спорттық ойындар форматында бір-бірімен сайысты. Future Innovators категориясында командалар өзекті әлеуметтік немесе экологиялық мәселелерді шешуге арналған инновациялық жобаларын әзірлеп, төрешілерге таныстырды. Future Engineers санатында оқушылар сенсорлар мен бағдарламалау негізінде «смарт-көлік» құрастырып, оны күрделі кедергілер жолымен өздігінен жүріп өтуге баптады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Садуақасов WRO-ның ұлттық кезеңінің деңгейі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Биыл жасанды интеллектті қолдану – жарыстың басты ерекшелігіне айналды.

– Алда Сингапурда өтетін финал бар. Біз Қазақстан командаларының ол жерде ел намысын жоғары деңгейде қорғайтынына сенеміз. Барлық қатысушыларға, тәлімгерлерге және төрешілерге инженерлік ойлау мен техникалық шығармашылықты дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Сабыржан Өміртайұлы.

Сондай-ақ биылғы олимпиадада қазақстандық білікті төрешілер құрамы алғаш рет халықаралық деңгейдегі сарапшымен толықты. Future Innovators санатының бас төрешісі қызметін Малайзиядағы WRO-ның ұлттық ұйымдастырушысы Тенгку Хазрул бин Тенгку Хайзар атқарды.

– Қазақстандағы олимпиаданың барысын бақылай отырып, бұл жарыстың халықаралық деңгейге сай, жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын көріп отырмын. Әрбір қатысушының бар ынтасымен беріліп, робототехникаға деген шынайы қызығушылығын сезуге болады. Олар тек техникалық жобалар жасап қана қоймай, үлкен арманның негізін қалап жатыр. Әрбір қатысушыға өз қабілетін батыл пайдаланып, жеткен жетістіктерімен шектелмей, алға қарай ұмтылуды тілеймін, – деді малайзиялық сарапшы.

Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша Сингапурда 28–29 қарашада өтетін WRO халықаралық финалында Қазақстанның намысын қорғайтын жеңімпаз командалар анықталды:

RoboMission
RoboMission.Elementary санатының жеңімпаздары: «Mileston Avangard» командасы – Михаил Гаркушин, Никита Бижов  (Астана қаласы, Milestone мектебі)

RoboMission. Junior санатының жеңімпаздары: «PVL_14» командасы – Тимур Абдиров,  Алмаз Мұқұш (Павлодар қаласы, дарынды балаларға арналған №3 мектеп-гимназиясы)

RoboMission. Senior санатының жеңімпаздары: «XLNC Cyrex» командасы – Саян Орынбек, Жанарыс Капаров, Вагиз Дисембаев (Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS)

RoboSports санатының жеңімпаздары: «Ganichev Motion» командасы – Дарын Қапаров, Айбын Адылқанов (Өскемендегі NIS)

Future Engineers санатының жеңімпаздары: «XLNC Deoxys» командасы – Данабек Жәнібек, Дастан Мусрепов, Ансар Саурбаев (Астанадағы физика-математика бағытындағы NIS)

 Future Innovators

Future Innovators. Elementary санатының жеңімпаздары: «SpaceStars» командасы – Амина Тусупова, Ділдә Нақыпбекқызы, Айғаным Темірбек (Астана қаласы, IIPS intellect primary school)

Future Innovators. Junior санатының жеңімпаздары: «Batmens» командасы – Карина Сухова, Ясмина Погубина (Орал қаласы, С.Жақсығұлов атындағы орта мектебі)

Future Innovators. Senior санатының жеңімпаздары: «Osiris» командасы – Нұразхан Нығмет, Алишер Нияз Орынбай (Астана қаласындағы NIS)

Салтанатты марапаттау рәсіміне жарыс демеушілері – Қазақстан-Британ техникалық университеті, Central Asian Educational Solutions компаниясы, Оңтүстік Кореяның RoboRobo компаниясы және New Generation оқу орталығы қатысты. Олар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сый-сияпаттар табыстады.

Естеріңізге салсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бастап World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының Қазақстандағы ұлттық ұйымдастырушысы қызметін сәтті атқарып келеді. Бұл жылдар ішінде олимпиадаға мыңдаған оқушы қатысып, инновациялық идеяларын ұсынуға мүмкіндік алды.