Шымкентте теңге ілуден II Азия Кубогы басталды
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Шымкенттегі орталық ипподромда теңге ілуден II Азия Кубогы басталды. Байрақты бәсекеде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Тәжікстаннан келген спортшылар теңге ілудің 3 стилі бойынша бақ сынайды.
Ашылу салтанатына ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және жанкүйерлер, мегаполистің тұрғындары мен қонақтары қатысты.
II Азия Кубогын Теңге ілу федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры.
Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл қыркүйек айында Астанада ҚР Президентінің бастамасымен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бүгінгі Азия Кубогы – осы «Көшпенділер Олимпиадасы» алдындағы жауапты жарыстардың бірі. Теңге ілу спортының Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енуі, оның әлемдік деңгейде танымал болуына ықпал етеді», — деді Исламбек Салжанов.
Жарыс алдында Исламбек Салжанов Теңге ілуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесіп, оларға алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.
II Азия Кубогына 7 елден келген спортшылар қатысуда, бұл теңге ілу спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Теңге ілу федерациясы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығымен бірлесіп, осы ұлттық спорт түрін халықаралық деңгейде дамыту бойынша тұрақты негізде ауқымды жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, биыл Халықаралық теңге ілу федерациясын ашу көзделіп отыр.
Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыровтың айтуынша, осы Азия Кубогына еліміздің үздік спортшылары қатысып жатыр.
«Бұл жарыста ұлттық құрамамыздың спортшылары 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңындағы өз дайындықтарын көрсетеді. Ал шетелдік құрамалар Қазақстанның үздік спортшыларымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады», — деді федерация басшысы.
Өз кезегінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мегаполисте ұлттық спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалғанын, атап айтқанда, 2023 жылы халықаралық деңгейдегі жаңа ипподром салынғанын, онда ұлттық спорт түрлері бойынша ірі жарыстар өткізілетінін атап өтті.
Жарысты барынша әділ бағалау үшін осы жолы теңге ілу спортының тарихында тұңғыш рет бейне қайталау жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, уақытты өлшеу үшін арнайы лазер секундомер пайдаланылады.
Еске сала кетейік, Республикалық «Теңге ілу» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.