«Шын жүректен кітап сыйла» акциясы
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні, бұл кітап оқуды сүйетін және ұнататындардың мерекесі. Әдетте бұл күні бір-бірімен кітап алмасады немесе бір-біріне сыйға тартады. Жаңа, қызықты, танымдық кітап оқу – кез келген адам үшін үлкен қуаныш және кітап әрқашанда ең керемет сыйлық болып қала береді.
Мақсаты – кітаптың құдіретiн арттырып, оқуға деген сүйіспеншілікті ояту. Бұл халықаралық мерекенің бастамасы АҚШ-тың «балалар кітабы» сайтының негізін қалаушы, үш баланың анасы Эмми Бродмур. Бірде анасынан ұлдары «адамдар бір-біріне кітап беретін күн неге жоқ» деген сұрағы осы мерекенің пайда болуына түрткі болды. Эмми Бродмур өзінің байланыс арналары арқылы таныс блогерлерге, әлеуметтік желі қолданушыларына, әріптестеріне және сайт серіктестерімен хабарласып, 14 ақпан күні кітап сыйлаумен бастады.
Бұл күні, ең алдымен балаларға, сондай-ақ белгілі-бір себептермен кітап оқуға мүмкіндігі шектеулі адамдарға кітап беру әдетке айнала бастады. Ақпараттық технологиялар мен цифрлық кітаптардың дамуына қарамастан, баспа түріндегі кітап рухани құндылық ретінде бағалана бастады. Бүгінгі таңда мерекеге қатысуға кітап сауда желілері, кітап өнімдерін сататын сайттар, сондай-ақ қайырымдылық ұйымдары ықпал етуде.
Осы мерекеге орай Тұрақты Даму Мақсаттарының 4-тармағы «Сапалы білім беру» аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің заң факультеті «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасының меңгерушісі профессор Р.Е. Джансараеваның бастамасымен кафедраның профессор-оқытушылар құрамы университет кітапханасымен бірлесе отырып, «Шын жүректен кітап сыйла» акциясын ұйымдастырды. Кітап беруді бастағаннан кейін ол білім алушыларға кітаптар сыйлады, ал университеттің студенттері мен оқытушылары да соған ерді. Акция барысында оның қатысушылары тек кітаптармен ғана емес, сүйікті кітаптары/авторлары туралы қызықты әңгімелерімен де бөлісті.
Бұл акцияның басты мақсаты — қарапайым және мейірімге толы барлық адамзатты кітап оқуға шақыру, білім алушылардың кітап оқуы мен кітапты бір-біріне сыйлау дәстүрін қайта жандандыруға ықпал ету, кітапханаларға жақсы кітаптар тарату, технология заманында да кітап өз құндылығын жоғалтпайтын ерекше сыйлық болып қалатынын көрсету.
Акция басты мақсатына қол жеткізді, кітапхана білім алушылар оқуын, бір-біріне кітаптарды сыйлауды қайта жаңғыртты, жаңа оқырмандарды тартуға ықпал етті. Кітапхана директоры өз сөзінде бүгінгі таңда кітап пен мерекені насихаттаудың идеялық шабыттандырушылары өз мақсаттарына қол жеткізгенін айтты.
Айта кетейік бұл мереке кітапсүйер қауым үшін ерекше күн болып саналады. Мерекенің қағидасы бойынша дәл осы күні білім алушыларыңызға, досыңызға, жақын туысыңызға қызығып жүрген кітабын, сол себепті сізде атаулы күн қарсаңында құрбыңызға тіпті жақыныңызға кез-келген жанрдағы қызықты кітапты сыйлай аласыз.
Кiтап – жақсы дос, рухани азық. Сондықтан да бiр-бiрiмiзге сүйіспеншілікпен кітаптар сыйлайык!
«Қылмыстық құқық, қылмыстық іс
жүргізу және криминалистика» кафедрасының
аға оқытушысы, з.ғ.к. Даубасов С.Ш.