Скрининг – репродуктивтік денсаулықтың кілті

Елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды ақпараттық-ағарту науқаны – Репродуктивтік денсаулық апталығы өтіп жатыр.
Жоба репродуктивтік денсаулық, отбасын жоспарлау және жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының (ҚДИАҒО) дәрігерлері жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) 70%-дан астамы симптомсыз немесе аз ғана көрсетілімдермен өтетінін атап өтті. Әсіресе, бұл хламидиоз, мерез ауруларына, адам папиллома вирусына (АПВ) қатысты, бұлар ұзақ уақыт елеулі белгілерді тудырмауы мүмкін.
ЖЖБИ-дің жасырын түрлері бедеулікке, созылмалы қабынуға себеп болады, сонымен қатар қатерлі ісіктердің дамуына да ықпал етуі мүмкін. Симптомсыз науқастар инфекцияны жұқтыру көзі болып қала береді және өзінің жыныстық серіктестеріне қауіп төндіреді.
– Үнемі скринингтен өту өте маңызды. Бұл жай ғана өз-өзін күту емес -бұл өз жақындарының денсаулығы үшін жауапкершілік, – деп атап өтті ҚДИАҒО директорының орынбасары Ботагөз Тұрдалиева.
Дәрігерлер қауіп факторларына байланысты тексеруден өтуді ұсынады: жылына бір рет – тұрақты бір серіктеспен сексуалдық белсенділік кезінде; әр 3-6 айда – жаңа, кездейсоқ немесе қорғалмаған жыныстық қатынас болған кезде, сондай-ақ ЖЖБИ анықталған серіктеспен қатынас болған жағдайда. Әйелдер жүктілікті жоспарламас бұрын, ерлер уретрит немесе простатит белгілері болған кезде скринингтен өту керек.
ЖЖБИ таралуына ықпал ететін қауіп факторларына бірнеше немесе кездейсоқ серіктестердің болуы, тосқауыл контрацепциясын қолданбау, сондай-ақ алкогольді немесе психобелсенді заттарды тұтыну, әсіресе сексуалдық белсенділікпен үйлесуде қолдану жатады.
Физикалық салдардан басқа, ЖЖБИ адамның психоэмоционалды жағдайына кері әсер етуі мүмкін, бұл алаңдаушылықты, кінә сезімін немесе әлеуметтік оқшаулануды тудырады. Ерте анықтау және емдеу көптеген асқынудан аулақ болып, өзіне деген сенімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі диагностика әдістері инфекцияны ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретінін есте ұстау маңызды.
Дәрігерлер ЖЖБИ-дің емделетінін атап көрсетеді. Ең бастысы – уақтылы медициналық көмекке жүгіну. Өзін-өзі емдеу немесе симптомдарды елемеу текс жағдайды қиындатуы мүмкін.
– Репродуктивтік денсаулық апталығы – бұл сіздің болашағыңыз туралы ойлануға сылтау. Денсаулыққа қамқор болу хабардарлықтан және өзіне жауапкершілікпен қараудан басталады, – деп түйіндейді Ботагөз Тұрдалиева.