Скрипка жүрекпен тіл қатқанда
5 шілдеде К.Байсейітова атындағы Камералық зал «Опералия» халықаралық фестивалі аясында өтетін ұмытылмас камералық музыка кеші алаңына айналады. Концерттің басты қатысушысы Бельгияда тұратын танымал қазақстандық скрипкашы, көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты Меруерт Карменова болмақ. Оның әлемдік сахналардағы жетістіктері музыканы бағалайтын жандардың назарын аудартып келеді. Осынау кеш мәдени жаздың айтулы оқиғаларының біріне айналады деп күтілуде.
Меруерт Карменова өзінің музыкалық жолын небәрі бес жасында Қазақстанда бастаған. Айрықша қабілетін байқатқан ол оқуын Гнесиндер атындағы арнайы музыкалық мектепте, одан кейін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында жалғастырды. Дарыны мен табандылығы оған халықаралық аренада айтарлықтай жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. Ол Мәскеудегі Д.Ойстрах атындағы скрипкашылар байқауы (2007, 2013), Астанадағы скрипкашылар байқауы (2008) және Санкт-Пельтенде Л.Бетховен атындағы VI халықаралық скрипкашылар байқауы (Австрия, 2010) сынды беделді жарыстарда жүлдегер атанды.
— Мен 11 жасымнан бастап Қазақстанда тұрмасам да, менің отбасым түгелдей осында, туған қаламыз Павлодарда тұрады, сондықтан мен мұнда әрдайым қуана қонаққа келіп, концерттерде ойнаймын! Отанымда өнер көрсету – мен үшін әрдайым зор тебіреніс және сонымен бірге асқан қуаныш. Туған жерге ұшақпен қонғанда, үйге келген кезімде айрықша сезімді бастан кешіремін, — деп атап өтті Меруерт Карменова.
Меруерттің соңғы айтулы жетістіктерінің бірі – 2022 жылы Познаньда Генрик Венявский атындағы ХVI халықаралық скрипкашылар байқауындағы Екінші сыйлық және Кароль Шимановскийдің туындысын үздік орындағаны үшін иеленген Арнайы жүлде. Ол 2018 жылдан бері Бельгиядағы Огюстен Дюменің жетекшілігіндегі Елизавета патшайымның Музыкалық капелла резиденциясының әртісі болып табылады, бұл оның классикалық музыка әлеміндегі биік дәрежесін айшықтайды.
Скрипкашы табысты болуының құпиясымен бөлісіп, «Халықаралық сахнада мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін жас музыкантқа не қажет?» деген сұраққа: «Барлығы өте көп факторларға, тәлімгерлерге, бағына, ұсақ-түйекке және тіпті, қажет уақытта қажетті жерде болуына да байланысты» деп жауап берді.
— Бастапқы кезеңде күнде сабаққа беріліп, уақытпен санаспай еңбектену, үздік болуға ұмтылу, кәсіби тұрғыда өсу өте маңызды. Халықаралық сахнаға келетін болсақ, негізгі міндеттердің бірі – бұл халықаралық байқаулар деп ойлаймын, олар өзіңді көрсетуге мүмкіндік береді, ал егер жеңіске жеткен жағдайда сізді көптеген тиімді таныстық орнатуға, достар табуға болатын концерттік турлар күтеді. Бұның маңызы зор, ал қалғаны адамның өзіне, оның қаншалықты талмай еңбек ететініне байланысты болмақ.
Сондай-ақ танымал өнер иесі жас орындаушыларға шыдамды болуға кеңес берді: — Әртістер ұзақтығы өмірмен тең келетін мұндай «байқауға» шыдау өте қиын екенін білуге тиіс деп ойлаймын. Бірдеңе қолдан келмей жатса, көңіліңді түсірудің қажеті жоқ. Бастысы – алдыңа айқын мақсат қойып, өзіңді күн сайын жетілдіріп отыруың керек. Мұнда ешқандай табыс формуласы жоқ, өйткені әркімнің өз жолы бар және ол соны жүріп өтуі тиіс.
Скрипкашы өз жолы мен ұстаздарын сүйіспеншілікпен еске алды. – Алдымен Мәскеуде керемет ұстазға жолығып, одан 16 жыл білім алдым. Ол маған бәрін басынан бастап оқытқан Татьяна Семеновна Беркуль еді. Музыкада 11 жас айтарлықтай кеш болғандықтан, маған көп еңбектенуге тура келді және осы талпынысым өз нәтижесін берді. Ең бастысы ұстазымнан үйренгенім – дыбыс. Біз бұған әрдайым өте көп уақыт бөлетінбіз, себебі барлығы дыбыстың таза шығуына мән береді.
Музыкант ретінде қалыптасуымда маңызды рөл атқарған екінші адам – бұл менің Бельгиядағы тәлімгерім Августин Дюме, мен онымен 5 жыл бойы жұмыс істедім және әлі күнге дейін оған ара-тұра ойынымды көрсетіп тұрамын. Ол маған фразировкаға қатысты тұтас әлемді ашып берді, сондай-ақ классика және барокко дәуірлерінің туындыларына басқаша қарауды үйретті. Бахтың Соло скрипкаға арналған сонаталары, Моцарттың концерттері, Бетховеннің сонаталары… , ол мені мәнерлілікке үйретті, әлбетте бұл ойынның стиліне қатты әсер етті, — деді Меруерт Карменова.
Жақында өнерпаз «Опералия» фестивалінің қонағы болады. Екі бөлімнен тұратын концерттің бірінші бөлімінде Э.Григтің Скрипка мен фортепианоға арналған №2 сонатасы, соль мажор, ор.13, Э.Изаидің Скрипка мен фортепианоға арналған №12 элегиялық поэмасы, Г.Венявскийдің Скрипка мен фортепианоға арналған №1 концерттік полонезі, ре мажор, op. 4, П.И.Чайковскийдің Сентименталды вальсі шырқалады. Екінші бөлімде көрермендерді музыка тарихындағы скрипка концерттерінің ең танымал топтамаларының бірі – А.Вивальдидің Скрипка мен оркестрге арналған «Жыл мезгілдері» концерттер топтамасы күтеді.
— Бұл концерт романтика дәуірінің нышаны болып табылады. Эдвард Григ, Генрик Венявский, Эжен Изаи және Петр Ильич Чайковский, шыны керек, бұл дәуірдің туындыларын бәрінен артық жақсы көремін, себебі онда толық ашылып, сезімдерімді бөлісе аламын және көп хикаяларды баяндаймын.
Шебер стилі мен музыканы тереңнен түсінуі көптеген жандардың жүрегін жаулаған Меруерт Карменова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айдар Әбжахановтың жетекшілігінде пианист Мадина Такеевамен және «Астана Опера» Камералық оркестрімен бірге өнер көрсетеді. Көрермендерді көпке дейін жадында сақталатын техникалық шеберлік пен эмоциялық тереңдіктің бірегей үйлесімі күтеді.