Соңғы екі айда мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлады
Кезекте тұрған тағы 271 адам жаңа ТҮК-нен пәтер кілтін алды. Оның ішінде жетім бала – 27, I және II топтағы мүгедек – 28, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагер – 23, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы – 58, толық емес отбасы – 129, зейнеткер – 5 және кейбір созылмалы аурудың ауыр түрінен зардап шегетін бір адам.
Баспаналы болған жанның бірі 69 жастағы Марат Шаханов.
«10 жылдан астам уақыт бойы мен кезекте тұрдым, шынымды айтсам, қоңырауды күтпедім. Бірақ кеше маған қоңырау шалып, жаңа пәтер берілетінін хабарлады. Мен алтыншы қабаттағы үйімді көріп шықтым, құрылыс сапасына риза болдым. Биыл мұқтаж жандарға көптеп пәтер беріліп жатыр. Мұның бәрі Алматы әкімі Ерболат Досаевтың арқасы деп білемін. Қала билігіне жаңа пәтерде тұруға мүмкіндік бергені үшін өте ризамын», — деді Марат Шаханов.
Естеріңізге сала кетейік, ХӘОТ санатындағы кезекте тұрғандарға кілт тапсыру рәсімі биыл 25 мамырда басталған болатын. Содан кейін кезекте тұрған 124 адам үш үйден пәтер алды. Кезекте тұрған 164 адам екі лекке ілігіп, 28 мамырда баспаналы болды. 30 мамырда тағы 105 кезекте тұрғандарға үй берілді. 5 маусымда 111 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Биыл 7 маусымда 86 адам қоныс тойын тойлады.
Айта кетейік, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен 2024 жылы қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан халықтың әлеуметтік осал тобының тізімі бойынша кезекте тұрған азаматтарға кезектілік тәртібімен екі мың жалға берілетін пәтер беру жоспарланған, оның 400-і жетім балаларға беріледі.