Студент этикасы мен мәдениеті – болашақ ұрпақтың беделі

Тәртіп. Әдеп. Құрмет. Бұл – әр студент бойынан табылуы тиіс асыл қасиеттер. Бүгінгі күні студенттің білімі ғана емес, оның этикалық ұстанымдары мен мәдени деңгейі де қоғам назарында. Осы тұрғыдан алғанда, Тұран университеті жастар тәрбиесіне, олардың рухани-адамгершілік болмысына ерекше мән беріп келеді.

Университет қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпақ тек кәсіби салада емес, қоғамда өз орнын табатын, жауапкершілігі жоғары, мәдениетті азамат болуы керек. Бұл міндет тек оқу бағдарламасымен шектелмейді. Ол – күнделікті орта, тәрбие жұмыстары, оқытушылардың үлгісі, құрдастарымен қарым-қатынас арқылы қалыптасатын кешенді процесс.

Академиялық адалдық – студенттің абыройы. Тұран университетінде академиялық адалдық қағидалары ерекше рөл атқарады. Студент білімді адал жолмен алуға, шығармашылық жұмыстарда шынайылық танытуға, емтихандарда әділеттілікті ұстануға тәрбиеленеді. Бұл тек ішкі тәртіп емес – бұл болашақ маманның кәсіби беделінің негізі.

Мәдениет – қарым-қатынастан басталады. Көптеген жастар «мәдениет» ұғымын тек өнермен байланыстырып жатады. Ал шын мәнінде, мәдениет – қарым-қатынас жасау әдебі, киіну мәдениеті, сөйлеу тілі, пікір айту стилі сияқты күнделікті өмірмен тікелей байланысты ұғым. Тұран университетінің студенттері — көпмәдениетті ортада білім алып жатқан, түрлі көзқарастар мен дәстүрлерге құрметпен қарайтын, толерантты ұрпақ өкілдері.

Тәрбиелік іс-шаралар – тәжірибе алаңы. Университет қабырғасында студенттердің этикасы мен мәдениетін дамытуға бағытталған клубтар, пікірсайыс ұйымдары, волонтерлік жобалар, мәдени кездесулер, шеберлік сабақтары үнемі өткізіліп тұрады. Бұл шаралар жастардың өз ойын еркін жеткізуге, бір-бірін тыңдауға, өзара сыйластықпен әрекет етуге тәрбиелейді.

Студент – ертеңгі көшбасшы. Ал көшбасшының басты капиталы – тек білімі ғана емес, оның этикалық келбеті мен мәдениеті. Тұран университеті тәрбиелеп жатқан жас маман – бұл заманға бейімделген, рухани бай, жауапкершілігі жоғары тұлға.

«Тұран» университеті

Экономика және менджмент Жоғары мектебі

Сениор-лектор Керимбек А.К.