Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздегі барлық топтық су құбырларының 45%-ы тиесілі Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Министр ең алдымен жергілікті су шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды нысандарын аралады. Бұл – Қызылорда су торабы, су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, сондай-ақ «Арал» БЖСБ.
Нұржан Нұржігітов өңірдегі су тапшылығын жою бойынша жұмыстардың барысымен таныса келе, су саласының қызметкерлерімен, сарапшыларымен сөйлесіп, пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Министр жоғарыда аталған кәсіпорындар Қызылорда облысының тұрғындарын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі өз міндетін толық көлемде атқарып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, көп нәрсе азаматтардың өздеріне де байланысты екенін тілге тиек етті.
«Ауыз суды мақсатсыз пайдалану — жақын болашақта оның жетіспеушілігін тудыруы мүмкін. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, 2050 жылға қарай Қазақстан суға аса мұқтаж елдердің қатарына қосылу тәуекелі бар. Бұған жол бермеу үшін қолда бар ресурстарды өте ұқыпты пайдаланып, халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қызылорда облысының су шаруашылығы инфрақұрылымын аралау кезінде көтерілген тағы бір маңызды мәселе — сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру. Министр бұл сұрақ алдағы уақытта міндетті түрде пысықталатынын айтты. Сондай-ақ, ол облыстың Арал, Қазалы аудандарында да болды.