Су — тіршіліктің қайнар көзі
ҚазҰУ студенттері су мәселесін талқылады
Адамзат өмірінің барлық саласы осы табиғи ресурсқа тәуелді. Алайда қазіргі таңда су тапшылығы мен оның сапасының нашарлауы жаһандық мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Бұл тақырып Қазақстан үшін де өзекті, себебі су ресурстарының қолжетімділігі мен дұрыс пайдаланылуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.
Қазақстанда су тапшылығы жылдан-жылға күрделене түсуде. Еліміздің оңтүстік өңірлері – Шымкент, Түркістан, Қызылорда – бұл проблеманы ең қатты сезінуде. Ірі өзендер – Сырдария, Іле, Ертіс – климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен кебу қаупінде.Су ресурстарының азаюы ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке және халықтың тұрмыс жағдайына кері әсерін тигізуде. 2030 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы жылына 12–14 миллиард текше метрге жетуі мүмкін деген болжамдар бар. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының Тұрақты даму мақсаттарының «6-мақсаты таза су және санитария» тақырыбы аясында дөңгелек үстелде білім алушылармен талқыладық. Студенттер су мәселесі біздің елде ғана емес,жалпыадамзаттық мәселе екенін алға тартты және шешу жолдарын ұсынды:
1.Су үнемдеу технологияларын енгізу
Заманауи суару жүйелерін, мысалы, тамшылатып суару технологияларын енгізу арқылы су шығынын азайтуға болады.
2.Трансшекаралық келісімдерді нығайту
Су ресурстарын тиімді және әділ пайдалану үшін көрші елдермен келіссөздер жүргізу маңызды.
3.Су инфрақұрылымын жаңғырту
Ескі су қоймаларын, каналдарды, құбырларды қалпына келтіру арқылы судың ысырап болуын азайту қажет.
4.Ауыз судың сапасын жақсарту
Су тазарту станцияларын салу және халыққа сапалы ауыз су жеткізуді қамтамасыз ету маңызды.
5.Экологиялық сауаттылықты арттыру
Халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру керек. Жасанды су көздерін, оның ішінде шахта құдықтары мен су жинау ұңғымаларын салу есебінен Қазақстанның жайылым аумақтарын сумен қамтамасыз етуді жақсарту қажет. Өнеркәсіптің суды көп қажет ететін салаларында айналымды және тұйық сумен жабдықтау жүйесін енгізу және коммуналдық шаруашылық объектілерін, оның ішінде жерасты сулары есебінен басым тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету аса маңызды мәселенің бірі.Су мәселесі – тек экологиялық емес, стратегиялық маңызды проблема. Оның шешімі мемлекет, қоғам және халықаралық ұйымдардың бірлескен іс-қимылын талап етеді. Егер су ресурстарын дұрыс басқаруды қолға алмасақ, бұл экономикалық тұрақтылық пен халықтың өмір сапасына үлкен қауіп төндіреді. Су – тіршіліктің өзегі, сондықтан оны сақтап, болашақ ұрпақ үшін қорғай білу – біздің басты міндетіміз.
Мелисова Б.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының оқытушысы
Лю Ч.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы