Сұлулық салонындағы тұзақ: Павлодарлықтарды СТҚҚД қалай қорғауда?

Павлодар облысында тұтынушылардың косметология саласындағы сапасыз қызметтер мен тауарларға тап болу оқиғалары жиілеп кетті. Сұлулық салондары клиенттерге қажет емес процедуралар мен косметикалық құралдарды міндеттейтін агрессивті сату әдістерін қолданатыны жиі кездеседі. ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (СТҚҚД) осындай тәжірибенің құрбаны болған тұтынушы жүгінді.
Әйел Instagram желісінде тегін косметологиялық қызмет көрсету жарнамасын көріп, клиникаға баруды шешкен. Процедура кезінде косметолог оны 200 000 теңгеге күтім жасауға арналған косметика жиынтығын сатып алуға көндіріп, тағы 200 000 теңгеге бірнеше ақылы процедураларды міндеттеген.
Өзінің тұзаққа түскенін түсінген тұтынушы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары оған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 35-бабында көзделген құқықтарын түсіндіріп, сотқа дейінгі талап-арыз жасауға көмектесті.
Нәтижесінде, СТҚҚД араласуының арқасында, клиника тұтынушыға сапасыз қызметтер мен міндеттелген косметика мен процедуралар үшін 400 000 теңгені қайтарды.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті еске салады: тұтынушы еркін таңдау құқығына ие және қажет емес тауарларды немесе қызметтерді сатып алуға мәжбүр болмауы керек.
Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда:
- Сатушыға (орындаушыға) талап-арызбен жүгініңіз.
- Егер талап-арыз қанағаттандырылмаса, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласыңыз.
- Өтінішті Е-өтініш жүйесі арқылы немесе Павлодар облысы бойынша СТҚҚД сенім телефоны 8 (7182) 551070 арқылы беруге болады.
Абай болыңыздар және адал емес сатушылардың айла-шарғыларына алданбаңыздар!
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті