Сычевка кентінде апатты жағдайдағы мектептің орнына жаңа заманауи мектеп ашылды

Павлодар облысы Павлодар ауданының Сычевка ауылында апатты жағдайда тұрған мектептің орнына 100 оқушыға шақталған жаңа білім ұясы ашылды. Нысан Eurasian Resources Group (ERG) пен Павлодар облысы әкімдігінің арасында жасалатын әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы әріптестік туралы Меморандум аясында бой көтерген. Жобаға 1,08 млрд теңге инвестиция құйылды.

ERG аймақтағы білім беру ұйымдарын тұрақты қолдап келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына тиісті жағдай жасалуы тиіс» деп атап айтқан болатын.

– Мемлекет басшысы «Елдің ертеңгі дамуы – келешек ұрпақтың қолында» екенін баса айтты. Бүгінді біз мектеп инфақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Сычевка ауылындағы мектеп – аймақтағы апатты мектептердің орнына салынған осымен үшінші мектеп. Биыл өзге де елдімекендерде мектептер мен балабақшалар салуды жалғастыра береміз. Бұл ауыл балаларына жайлы орта қалыптастыру қамында жасалған тағы бір маңызды қадам болады,- деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

– Біз «туған қалаларымыздың» тұрғындарына, соның ішінде елдің келешегі – балаларға ерекше қамқорлық жасауға талпынамыз. Біз олардың дені сау, барынша бақытты болғанын қалаймыз,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. – Мектеп – тек білім ұясы ғана емес, ол әлемді танып, адамның ертеңгі өмір салты мен дағдылары қалыптасатын орта. Заман талабына сай жабдықталған жайлы мектеп оқу процесін барынша қызықты, білім беруді тереңдетуге сеп.

Осы орайда, ERG 2 млрд теңгеге жуық инвестиция бағыттап, осымен екінші шағын жинақталған мектептің құрылысын қаржыландырып отырғанын айта кеткен жөн. Алғашқысы Баянауыл ауданының Қаражар ауылында салынып, былтыр қараша айында ашылды.

Жаңа мектеп заманауи компьютерлік жабдықтармен жарақталған. Тиісті кластарда робототехника мен биотехнология пәндерін барынша тартымды өткізуге қажетті STEM-зертханалар бар. Цифрлық микроскоптар мен виртуалды-цифрлық зертхана сатып алынған.

Білім ұясында шығармашылық және спортпен айналысуға қажетті лед-дисплейі мен тиісті дыбыс жабдықтары бар мәжіліс залы, дене шынықтыруға керектің бәрі орныталған спорт зал бар.

Мектеп ғимаратын салу мен жоспарлау кезінде оқушылардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінді. Мұнда бейнебақылау, киберқауіпсіздік жүйелері орнатылған.

Қуаныштысы мұнда мектеп алды білім беру орталығы мен 20 бүлдіршінге арналған мини орталық салынған.

Мектеп оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосылған.

Одан бөлек, Топ Қостанай облысының Рудный қаласында 1 200 оқушыға арналған мектептің құрылысын қаржыландырып жатыр.