Тағдыр сынағына мойымаған Жанғали Сүйеуовтың өмір жолы
Биыл Қазақстанның спорт әлемінде алтын әріппен жазылуға лайықты ерекше оқиға орын алайын деп тұр. Олимпиадаға бару бақытына бұйырғандардың арасында отырып ойнайтын волейбол спортының ұлттық құрамасы бар. 28 жылдан кейін алғаш рет Парижде өтетін Параолимпиадаға еліміздің параволейболшылары жолдама алды.
Өткен жылы Паразия ойындарының ашылу салтанатында ту ұстап шығу құрметі параволейболшы Жанғали Сүйеуовке берілген болатын.
Ол Атырау өңірінің тумасы. Үлкен әулеттің азаматы. Аяқ астынан әкесі дүниеден өтіп, анасы мен бауырына медеу болды. Жүк көлігінің жүргізушісі болып, жастайынан еңбек етіп жатқанда 23 жасында қазаға ұшырап, бір аяғынан айырылған-ды.
Өмірі күрт өзгерген бойда тағдырдың сынағына мойымай, өз-өзін қолға алып, көңілін спортқа аударып, жаңа өмірге бейімделе бастады.
Тағдыр оны волейболды отырып ойнаудан жаттықтырушысы Бауыржан Тахауовпен кездестірді. Алғашында бір аяқты спортпен айналысу мүмкін емес сияқты көрінгенімен, бапкерінің қолдауы мен кеңесі оның сенімін арттыруға көмектесті. Сондай-ақ, өзі секілді тағдырлас жандармен жолығып, өміріне үлкен өзгерістер енгізді.
Жанғали 2007 жылдан бастап параволейболмен айналыса бастады. Ұлттық құрамаға баратын жол оңай болған жоқ, ол үлкен табандылық пен өз мүмкіндіктерін дәлелдеуді талап етті. 2008 жылы ұлттық құрамаға қабылданып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Оның жеткен жетістігі – орасан зор еңбек пен қажымас ерік-жігердің жемісі.
Бүгінде өзі секілді тағдырдың сынағынан өткен жандармен бірге спорт алаңында ел намысын қорғап келеді. Әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Үлкен дода алдындағы отандық спортшылардың дайындықтары жақсы. Таяуда Алматыда өткен турнирде БАҚ өкілдерімен бірге волейбол ойнап, командасымен бірге жеңіске жетті.
Жаттығу мен кезекті ойындар арасында спортшы отбасымен уақыт өткізгенді ұнатады.
«Құдайға шүкір, әрдайым мен үшін жанашыр болып, қолдау көрсететін жақындарым бар. Жан жарым екеуміз бес баланың ата-анасымыз. Ұл-қыздарым да спортқа жақын, болашақта ел намысын қорғайтын азамат болатынына сенімдімін. Шыны керек, отбасында көп бола бермеймін. Сондықтан қашан да отбасыммен қауышуға асығамын. Бірақ үйде жиі болмай жатсам да, олар мені түсінеді және қолдайды. Ал қасымдағы жігіттер менің екінші отбасым десем болады. Дос емес, бауырымдай көремін, ал жаттықтырушымыз Бауыржан ағамыз әкеміздей болып кеткен жан,» — дейді спортшы.
Жанғали Сүйеуовтың өмір жолы барлық қиындықтарға қарамастан, еш мойымай, алға ұмтылудың қаншалықты маңызды екеніне дәлел. Ол физикалық және моральдық қиындықтарды жеңіп қана қоймай, спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, көпшілікке үлгі. Оның бойындағы қайсарлық пен жеңіске деген жігері Париж олимпиадасындағы ойын алдында үлкен шабыт беретіні сөзсіз.
Қазақ жігіттері қандай десе, Жанғалидай деп ауыз толтырып айтса болады.