Талдықорғанда этномәдени бірлестіктер көрмесі басталды

Бүгін Талдықорған қаласындағы Көркемөнер галереясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне орай ұйымдастырылған этномәдени бірлестіктердің өнері мен этнографиялық жәдігерлерінің бірегей жеке коллекциялар көрмесі табысты өтті.
Көрме үш күн бойы жалғасады. Шараның негізгі мақсаты – ел бірлігін нығайту, тарихи жадымызды жаңғырту және түрлі этностардың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттау.
Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысының этномәдени бірлестіктері, зиялы қауым өкілдері, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Экспозицияда ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдар, қолөнер туындылары мен зергерлік әшекейлер, музыкалық аспаптар, этнографиялық фотосуреттер мен сирек кездесетін артефактілер қойылды.
Үш күн ішінде көрмені жүздеген адам тамашалауы жоспарланып отыр. Олардың қатарында І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен колледждердің студенттері, мектеп оқушылары бар. Келушілер үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экскурсиялар ұйымдастырылады.
Бұл көрме – көпэтносты Қазақстан халқының бай мәдениетінің бірлікте өмір сүру үлгісін көрсететін маңызды шаралардың бірі.


