Талдықорғанда мектепке дейінгі білім беру саласында ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді

Талдықорғанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ваучерлік қаржыландыру жүйесін пилоттық түрде енгізу басталды. Жаңа тетік ата-аналарға мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар арасында өз қалауы бойынша таңдау жасауға мүмкіндік береді, ал мемлекеттік қаржыландыру балаға бекітіліп, ваучер арқылы жүзеге асырылады.

Жоба Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша іске асырылуда, тиісті жоспар бекітіліп, жұмыс тобы құрылған. Процестерді автоматтандыру үшін сынақтан сәтті өткен «E-zhetysu» жүйесі қолданылуда. 1–11 мамыр аралығында техникалық интеграция жүргізіліп, 12 мамырдан бастап ваучерлерді беру басталады.

Айта кетсек, облыс орталығында 404 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Жаңа тәсіл орындарды әділ бөлуге, қаржыландырудың ашықтығына және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.