Тарихта тұңғыш рет қазақ қызы «Kazakh Everest Team» командасының құрамында Эверестті бағындырды

12 мамырда Непал уақытымен сағат 07:25-те құрамында Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев бар «Kazakh Everest Team» қазақстандық командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді, деп хабарлайды «Kazakh Everest Team» баспасөз қызметі Непалдың Гималайда көтерілуге маманданған және қазақстандық экспедицияның ресми жолсерігі болып табылатын «Seven Summit Treks» компаниясына сілтеме жасап.

8000 м-ден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты, тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар – тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев, бұл оның Эверест шыңына осымен үшінші рет шығуы. Жалпы, «Kazakh Everest Team» командасының өрлеуі бес тәулікке созылды: 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м.) шығудан басталып, содан кейін біздің альпинистер I Лагерь (6 100 м.) арқылы өтіп, одан кейін II Лагерьге (6 400 м.), III Лагерьге (7 100 м.) көтерілді және IV Лагерьге (8000 м.) жеткен соң одан әрі Эверест (8848 м.) шыңына қарай тоқтаусыз жүріп отырды. Эверест шыңында «Kazakh Everest Team» спорттық-патриоттық экспедициясының қатысушылары Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын орнатты.

Бүгін, 12 сәуірде Анар мен Мақсұт IV Лагерьде (8000 м.) күрделі көтерілуден кейін төмен түсу үшін күш-қуатын қалпына келтіріп жатыр. Альпинистердің жағдайы қанағаттанарлық деп сипатталады, бірақ күші сарқылып, базалық лагерьге түсу үшін біраз жинақталуы керек болып тұр.

Қатысушылар базалық лагерьге бүгін түстен кейін жетеді деп болжануда, байланысқа түсе салысымен Эверест шыңын бағындыру туралы жаңалықтары мен хабарламалары көпшілікке жеткізілетін болады!

Бүкіл Қазақстан «Kazakh Everest Team» экспедициясының қатысушыларын әлемнің ең биік шыңына сәтті көтерілуімен құттықтайды!