Тәуелсіздіктің айбарлы үні

«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы маңызды мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін жарқын концерттік бағдарламамен атап өтті. «Тәуелсіздік бесігінде тербеліп…» салтанатты кеші 16 желтоқсанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында зор табыспен өтті.
Бұл кеште театрдың опера труппасының солистері мазмұнды әрі сан алуан бағдарламаны ұсынды. Сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова мен Жанат Шыбықбаев, сондай-ақ Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов, Расул Жармағамбетов, Сұлтан Бақытжан және тағы басқалары шықты. Әртістер концертмейстерлер Айшабибі Асқарова мен Ирина Кургузкинаның орындауындағы фортепиано партиясының сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
– Тәуелсіздік күніне арналған концертте қазақ классикалық музыкасының қалыптасуында маңызды рөл атқарған қос көрнекті композитор Евгений Брусиловский мен Мұқан Төлебаевтың туындыларын орындадым. Мен үшін олардың шығармашылығы – әрдайым жоғары кәсібилік пен терең сезімнің үлгісі, – деп әңгімеледі «Астана Операның» жетекші солисі Айгүл Ниязова. – Әр туындының өз ерекшелігі бар: Брусиловскийдің шығармалары қуатымен әрі кең тынысымен, драматургиясымен және ұлттық нақышымен өзгешеленеді, ал Төлебаевтың туындыларында ерекше лирика, нәзік сазды сезім мен таңғаларлық вокал әсемдігі байқалады. Қазақ композиторларының шығармаларын орындағанда жүрегімде әрдайым ерекше сезім пайда болады, себебі бұл музыка біздің Отанымызбен, оның тарихымен, поэтикасымен және әуенімен байланысты, – деп пікірімен бөлісті танымал әнші.
– Орындаушы ретінде менің алдымда ұлттық әуендерді жеткізіп, мінез бен мәнерді сақтау, сонымен қатар туындыны өзімнің жеке демім мен эмоциялық бояуыма толтыру секілді айрықша міндет тұрды. Мұндай сәттерде мен шығармашылық жауапкершілікті ғана емес, сондай-ақ шексіз қуанышты да сезінемін, өйткені біз көрермендермен осында, Қазақстанда жасалған өнермен бөлісеміз, – деп атап өтті вокалист.
Осынау кеште Айгүл Ниязова мен оның әріптестерінің шебер интерпретациясында басқа да отандық классиктер – Ақан сері, Манарбек Ержанов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков, Ғазиза Жұбанова, Өмірбек Байділдаев, Мыңжасар Маңғытаев сынды композиторлар шығармашылығының озық үлгілері шырқалды. Барлығы жақсы көретін қазақ халық әндері ерекше сый болды. Зор шабыт алған тыңдармандар жылы лебіздерімен бөлісті.
– Бұл таңғаларлық кеш болды. Концертке бүкіл отбасымды – әйелім мен екі баламды ертіп келдім. Мұндай айтулы даталарды «Астана Операмен» бірге атап өту – біз үшін игі дәстүр, – деп алған әсерімен бөлісті театрдың тұрақты көрермені, елорда тұрғыны Нұрдәулет Қоңырат. – Әртістердің әлемдік деңгейдегі опералық орындауды терең патриоттық сезіммен қалай шебер байланыстыратынына әркез таңғаламын. Бүгін қазақ халық әндері шырқалғанда бойымды әлдебір сезім биледі. Менің ойымша, бұл концерт музыка арқылы Отанға деген махаббатты білдірудің көрінісіне айналды. Еліміз, мәдениетіміз бен дарынды халқымыз үшін зор мақтаныш сезімін бастан кешірдім.
Көрермендер «Астана Операмен» бірге қарсы алған мереке барша жиналған қауымға теңдессіз эмоция сыйлап, қонақтардың жүрегін туған жеріміз үшін мақтаныш сезіміне толтырды.


