«Таза Қазақстан» бағдарламасына кәсіпкерлер де ат салысуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ашылған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы Қонаев қаласында тұрақты жүзеге асыруда.

Қалада арнайы кесте бекітіліп, тұрғындар күнделікті сенбілікке шығып жатыр. Мысалы, бүгін «Bagashar meken» зауытының жұмысшылары кәсіпорын аумағын қоқыстан тазартты.
Тұрғындардан бөлек, коммуналды қызмет көрсетуші компаниялардың да жұмысы тоқтаған жоқ. Күнделікті қаланы тазалауға 120 адам, 12 техника жұмылдырылуда. Қатарында «Жасыл қала Қонаев» мекемесі, «Эко сервис» ЖШС, «Қапшағай АТО» ЖШС бар.
Биыл Қонаев қаласында жастарды еңбекке тарту мақсатында «Жасыл ел» жасағы құрылып, оның құрамына 23 жас енді. Олар «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында жалғызбасты, әлеуметтік осал топтағы қариялардың және тыл ардагерлерінің үйлерін, аулаларын тазалап, үй шаруашылығына көмектесуде. Сондай-ақ шаһардың шеткі аудандарында, жағажайларда тазалық жұмыстарын жасап жатыр.
Бағдарлама шеңберінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 15 баннер ілінді. Аталған бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын табады.