Театр майталмандары Талдықорғанда өнер көрсетті

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының құрамына қосылған су жаңа әртістермен  БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз отырысы өтті. Журналистер өнерпаздарға маңызды сұрақтарын қойып, олардың өңірлік театрға ауысу себептері мен алдағы жоспарларын талқылады.

Кездесу барысында әртістер жаңа сахнаға келудегі мақсаттары мен шығармашылық  ізденістері жайында ой бөлісті. Сахна саңлақтары ұжым мен көрерменнің ықыласына бөлену – олардың басты мақсаты екенін де атап өтті.

Сонан соң кешкі уақытта ұжымға жаңадан қосылған әртістер Асылбек Боранбай, Дулыға Ақмолда, Жомарт Зейнәбіл, Әсет Есжан, Гүлбаһрам Байбосынова сынды театр және кино өнерінің майталмандары енді Талдықорған көрермендеріне өз өнерлерін тарту етті. Олар авторы Олег Антонов,  режиссері  Есләм Нұртазинның  «Сюрприз» қойылымы сахналады.

Осы тұста  бұл спектакль театрсүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, жаңа шығармашылық кезеңнің бастауына айналғанын да сөзге тиек еткеніміз жөн. Жетісулық өнерсүйер көрермен осы айтулы сәттің куәсі болды.

Сурет авторы: Жеңіс Ысқабай