Тері обырын емдеудегі жаңа қадам: ғалымдар тиімді ингибиторлар тапты

Тері қатерлі ісігінің ең агрессивті түрлерінің бірі меланоманы жаңа заттармен – Raf. киназа тежегіштерімен емдеуге болады. Бірлескен зерттеуді Nazarbayev University  (Қазақстан), Edinburgh Napier University (Англия), Chung-Ang University (Оңтүстік Корея) және Dongguk University  (Оңтүстік Корея) ғалымдары жүргізуде.

Меланоманы емдеу қиын, өйткені ол дәріге төзімділікті тез дамытады. Дегенмен, SCOPUS ғылыми деректер базасының үздік 5% қатарына кіретін Archives of Pharmacal Research журналда жарияланған соңғы зерттеу жаңа терапевтік мүмкіндіктерді ашады. Жаңа Raf киназа тежегіштері (ингибитор) негізгі дәрілік шектеулерді жеңе алады.

Біз меланоманың өршуіне қатысатын негізгі ақуыз – Raf киназаны тежеуге бағытталған жаңа дәрілік қосылыстар жасап жатырмыз. Ингибиторлар — молекулалық деңгейде рак клеткаларының өсуін тежейтін мақсатты препараттар. Қазіргі уақытта меланома химиотерапия, сәулелік терапия және иммунотерапия арқылы емделеді. Бірақ көптеген науқастар уақыт өте келе бұл емдеуге төзімділікті дамытады. Біздің жаңадан әзірленген Raf киназа ингибиторлары меланоманың дамуын тоқтатудың жаңа перспективалы тәсілін ұсынып, тиімдірек және жекелендірілген емдеуге әкелуі мүмкін”, — бұл туралы NU-дың Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің ассистент профессоры және қатерлі ісікке, Альцгеймер және қабыну ауруларына қарсы препараттар жасаумен айналысатын дәрілік химик доктор Ахмед Элькамхауи айтты.

Дәрі-дәрмектің дамуына қатысты 65-тен астам ғылыми мақалалардың және бірнеше патенттердің авторы, доктор Элькамхауи NU-да бір PhD студенті мен алты бакалавриат студентінен тұратын дәрі-дәрмектерді іздеу жөніндегі зерттеу тобын басқарады.

Зерттеушілер жаңа қосылыстардың сериясын синтездеп, олардың белсенділігін зертханалық жағдайда ғана тексерді.

Біздің новаторлық жаңалығымыз 2025 жылдың ақпан айында беделді Archives of Pharmacal Research журналымен (SCOPUS & JCR топ 5%) жариялауға қабылданды, бұл меланомамен күресте айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Бұл жетістік клиникаға дейінгі зерттеулердің келесі кезеңіне өтуге, препаратты одан әрі оңтайландыруға мүмкіндік береді және бізді клиникалық сынақтарға жақындатады. Бұл жаңалықтың жаңа, тиімдірек емдеу әдістерін жасау үшін орасан зор әлеуеті бар және біз оны мүмкіндігінше тезірек алға жылжытуға бел будық”, — деп қосты ғалым.

Қазақстанда 2022 жылдың соңына қарай тері қатерлі ісігінің 19,7 мыңнан астам жағдайы және меланоманың 2,6 мыңнан астам жағдайы тіркілген және бұл көрсеткіштер бүкіл әлемдегідей қарқынды өсуде. Халықаралық қатерлі ісіктерді зерттеу агенттігінің мәліметі бойынша, меланоманың 330 000 жаңа жаһандық жағдайы және 60 000-ға жуық адам қайтыс болды. Сондықтан ғалымдар науқастардың нәтижелерін жақсартатын және оларға жаңа үміт сыйлайтын дәлірек және ұзаққа созылатын терапияны іздейді.

Telegram-канал: Тері обырын емдеудегі жаңа қадам: ғалымдар тиімді ингибиторлар тапты