ТМД туристік кеңесінің отырысы: Халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі және 2024 жылғы туристік тенденциялар
Қырғыз Республикасының Шолпан-ата қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер арасындағы туризм кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиын барысында туризм саласындағы жаңа тенденциялар, 2024 жылға арналған халықаралық туристік іс-шаралардың күнтізбе жоспарын іске асыру, ТМД елдерінің туристік индустрия қауымдастығы мен бірлескен жұмыс алаңын құру мәселелері талқыланды.
Кеңестің негізгі міндеті – мемлекеттік органдар, ұлттық және өңірлік туристік ұйымдар, фирмалар, кәсіпорындар және халықаралық туристік ұйымдар арасында туризм саласындағы тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.
«Туризм – экономикалық өсім мен мәдени алмасудың маңызды бөлігі. ТМД аясындағы ынтымақтастық барлық қатысушы мемлекеттердің туризм саласында жаңа мүмкіндігін ашады», — деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Жиын аясында туристік жәрмеңке ұйымдастырылып, делегаттар мен қонақтарға Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылып, негізгі туристік орындар туралы жадынамалар таратылды.