Тұрғын үй, инфрақұрылым мәселелері талқыланды

Жетісу облысы, Қаратал ауданына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар аудан әкімі Ұлан Досымбековпен бірге маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен танысып, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар аясында ең алдымен Үштөбе қаласында әлеуметтік осал топтарға арналған 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қаралды. Тексеру барысында жобаның жүзеге асу қарқыны, құрылыс сапасы мен мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту мәселелері талқыланды. Аудан әкімі Ұлан Досымбеков «Отбасы банкі» тарапынан қойылатын талаптар мен рәсімдердің кей жағдайда халықтың тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізуін қиындататынын атап өтті.
Мәжілісмен одан әрі Үштөбе қаласындағы Көктөбе шағынауданына барып, мұнда салынып жатқан әлеуметтік үйлермен танысты. Былтыр бұл аумақта 60 үй салынған, оның 15-і инвесторлар мен демеушілер есебінен бой көтерген. Қазіргі таңда тағы 50 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаның маңыздылығы – ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны шамамен 1400 адамды құрап отыр.
Құрылыс жұмыстары қатарында абаттандыру ісі де жүргізілуде: жолдар мен тротуарлар төселіп, балалар ойын алаңдары орнатылуда. Нысандарды алдағы 1,5–2 ай ішінде пайдалануға беру жоспарлануда.
Сапар барысында ерекше назар Тастөбе ауылы маңындағы Қаратал өзенінің арнасына аударылды. Бұл аумақта су тасқыны қаупі жоғары, елді мекенді су басу ықтималдығы бар. Осы өткір мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен қаржы тарту және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің белсенді қатысуы қажет.
Білім беру саласы бойынша депутат Ислам Сұңқар мен аудан әкімі Ұлан Досымбеков Бастөбе сервис-технологиялық колледжіне барып, оқу корпустарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және құрылыс жұмыстарымен танысты, олардың орындалу қарқынына баға берді. Сондай-ақ делегация сәуір айында күрделі жөндеуі басталып, қыркүйекке дейін аяқталуы жоспарланған Ж.Жабаев атындағы орта мектепке барды.
Мәжіліс депутатының бұл жұмыс сапары орталық билік пен өңірлер арасындағы тікелей өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетті. Бұл халықты толғандыратын мәселелерді жедел анықтап, шешуге, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік бағдарламалардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.