Түркістан партияластары Ақтөбе облысына гуманитарлық көмек жеткізді
Қарғын судан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарына Түркістан өңірінің гуманитарлық көмегі келіп жетті. Бұл жолы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева жеке өз атынан қолдау көрсетіп, 100 түйе жүн көрпе, 300 дана жылы күртеше мен бейсболкаларды пойызбен жеткізді.
Гуманитарлық көмектің жалпы құны 8 млн. теңгені құрады. Киім-кешектер мен көрпелер Қобда ауданындағы эвакуациялау пункттеріне және тасқын судан зардап шеккен өзге де ауыл тұрғындарына үлестірілді.
Депутат тасқын судан зардап шеккен ақтөбеліктерге жылы лебізін білдіріп, қиындықты сабырмен еңсеруге шақырды.
«Бірнеше жыл бұрын Түркістан облысының Мақтарал ауданында орын алған су тасқынының салдарын жұрт болып жұмыла жүріп еңсерген едік. Бұл жолы да тілсіз жаудан зардап шеккен ағайынның ауыртпалығын халық теңдей бөлісіп жатыр. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» дейді дана халқымыз. Ынтымақ-бірлігіміздің арқасында бұл зауалды да еңсереміз», – деді ол.