Түркияда Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті

Туркияның Стамбул қаласындағы “Kazak Türkleri Vakfı” ғимаратында “Абай Академиясы” ғылыми-зерттеу институтының, “Абай-Жидебай” қоғамдық қоры және “ASDEKOR” компаниясының бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай Даналығы. Abay’ın Bilgeliği» атты альбом-кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақша-түрікше жарық көрген альбом-кітапта Абай қарасөздеріндегі түйінді ойлар мен нақыл сөздер және елімізге танымал белгілі суретшілердің қылқалам туындылары берілген.

Салтанатты жиынға: Қазақстанның Стамбулдағы бас консулы – Нуриддин Аманқұл, үшінші хатшы – Алмас Ешанкулов, “Абай академиясының” директоры Жандос Әубәкір, әдебиет демеушісі Асқар Тәжікен, Абай ілімінің жанашыры Еркеғали Кәрбозов, “Қазақ Түріктері Қорының” басшысы Ілияс Сақа, Стамбулдағы қазақ ағайындар мен түбі бір түрік туыстар және “Абай-Жидебай” қоғамдық қорының мүшелері қатысты.

Еуразия ұлттық университеті Абай академиясының директоры Жандос Әубәкір Абай мұрасының құндылығы жөнінде баяндап, альбом-кітаптың ерекшелігін жеткізді.

Әсіресе осы кітаптың жарыққа шығуына қаржылық демеушілік жасаған А.Р.Тәжікен және Ж.Ж.Оспановаға зор алғысын білдірді.
Бас консул Нуриддин Аманқұлұлы Абайдың 180 жылдығы аясындағы алдағы жоспарларымен таныстырып, атқарған ізгі істерін жеткізді. Сондай-ақ Ұлы ақынның 180 жылдығы аясында бірлескен шараларды өткізу жоспарын талқылады.

Шараға келген Энус Эмренің 22-ші ұрпағы Prof.Dr. Ömer Adil ATASOY өз ниет-тілегін білдіріп сәттілік тіледі.

Шара соңында тұсаукесерге келген қонақтарға альбом-кітап таратылды.

Telegram-канал: Түркияда Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті