ҰБТ тапсырушылар сынақ кезінде калькулятор қолдана алады
Ұлттық бірыңғай тестілеуді электронды форматқа ауыстырғаннан кейін тест тапсырушыларға калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болды. Олар тестілеу бағдарламасына енгізілген.
«Өздеріңіз білетіндей, «Химия» пәнін тапсырушыларға компьютерде Химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі ұсынылады. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап кестелердің қағаз нұсқасы ұсынылады. Оны тестілеу әкімшілері ҰБТ-ның өзінде береді. Тестке қатысушылар өздерімен бірге алып келмейді. Осылайша, талапкерлер кестелердің электрондық форматын да, қағаз форматын да қолдана алады», — деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Естеріңізге сала кетейік, тестілеу кезінде барлық талапкер үшін тестілеу бағдарламасында «Математикалық сауаттылық», «Математика», «Информатика», «Физика», «Химия» және «География» пәндері бойынша есептерді шешуге арналған калькулятор болады.
Тестілеу аяқталғаннан кейін әр пән бойынша тақырыптық талдау ұсынылады. Бұл тек тестілеу нәтижелерімен танысып қана қоймай, келесі ҰБТ-ға жақсы дайындалуға мүмкіндік береді.