ҮЛКЕН ҚАЛАЛАР: кептеліссіз және түтінсіз өмір
Орталық Азия елдері – соның ішінде Қазақстан да, баяғыдан экологиялық таза және ыңғайлы көлік жүйесін қажет етеді. Оны жақсартуға қанша тырысқанымен, сұрақтар әлі де толастамай отыр.
«қғіКөлік жүйесі – кез келген қаланың маңызды құрамдас бөлігі. Оның қаншалықты дамығандығы қала тұрғындарының өмір сүру сапасына, экологиялық жағдайға, кептеліс пен басқа да көптеген факторларға әсер етеді. Әр түрлі өңірдің қалаларындағы жағдай, әлбетте, әрқилы, бірақ қалай дегенменде, қала тұрғындары жұмысқа бару үшін және қала ішінде қоғамдық көлікпен, жеке автомобиль немесе басқа да моторлы көлікпен жүреді. Тиісінше, бұл ауаның ластануына, шудың зорая түсуіне әкеледі әрі көшеде кептеліс туғызып, жаһандық жылынуға ықпал етеді.
Мәселен, Орталық Азияда барлық парниктік газ шығарындысының төрттен бір бөлігі көлік секторына келеді. Жолдағы кептеліс жолаушылар тасымалы мен жүктердің кешігуіне себеп болады, бұл сөзсіз экономикалық шығынға ұшыратады. Мұның бәрі Орталық Азия қалаларының қазіргі көлік жүйелерін қайта құру керек екенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, мамандар олардың тиімділігін, әсіресе экологиялық тазалығын шұғыл түрде арттыру қажет деп отыр.
Бір жағынан, мысалы, Қазақстанда бұған дейін де осы секторда қандайда бір өзгеріс жасауға талпыныс болған. Қалалардың әкімдері қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақтар құрып, велосипед жолдары мен қосымша тротуарлар салған. Алайда, мұның бәрі халықтың жұмысқа баруға және шаруасын тындыруға мәжбүр болуынан жер үстімен жүретін қоғамдық көліктердің, сағаттап кептелісте тұратын жеке көліктердің шамадан тыс жүктелуінің қасында «теңіздің тамшысындай» ғана болып қала берді. Ал бұл экологияға да, халықтың денсаулығына да оң ықпал етпейді.
Ширек ғасырдан сәл астам уақыт бұрын Қазақстан қалаларындағы көліктік жоспарлау барынша автомобильдердің жайлы қозғалысын жақсарту жолын таңдады, ал бұл дамуды тұйыққа тірейтін жол екені белгілі. Енді осы бағыттан біз ұзақ жылдар бойы шыға алмай келеміз.
Бұл ретте, троллейбус парктері, трамвай желілерін жауып жатыр, ал Қазақстанның ірі қалаларында әлі күнге дейін қаланың ішінде айналасындағы барлық инфрақұрылымды түгелдей құртатын, бірақ автомобиль кептелісі мәселесін шешуге көмектеспейтін автомобиль жол айырықтарын салуды жалғастырып келе жатыр.
«Менің ойымша, мәселе Астананың Дубайға ұқсауға тырысқанынан туындап отыр. Көлік қозғалысын реттеу тұрғысынан алғанда, бұл сәтсіз үлгі деп ойлаймын. Көңіл-күйді түсіретін елордалық ЛРТ-ға келетін болсақ, қысқаша айтайын – бізге трамвайлар, троллейбустар, велосипедтер, электрсамокаттар және метро қажет, бірақ ЛРТ емес», — дейді урбанист Дмитрий Димов.
Дегенмен, халықтың сұрауынсыз қоғамдық көлік жүйесін қайта құру мүмкін емес екені сөзсіз. Тұрғындар қала ішінде ыңғайлы және жылдам қозғалысқа қол жеткізу құқығын талап етуі керек, өйткені бұл кез келген қалалықтың негізгі қажеттіліктерінің бірі. Сондай-ақ, сала мамандары қала құрылысының әртүрлі аспектілері арасындағы тығыз байланысты ескере отырып, әкімдерге, қала жоспарлаушыларына және көлік инженерлеріне денсаулыққа қауіпсіз әрі қоршаған ортаға қолайлы көлік жүйесін құруды ұсынып жатыр.
Мысалы, Копенгагендегі велосипед қозғалысының дамуын қарастырайық –қала маңынан орталығына дейін жететін барлық велосипед маршруты, ал олардың саны жиырма сегізден астам, жүргінші жолдан алшақтатып салынған. Бұл кезекте, елорданың өзінде де бірнеше жүз шақырым велосипед жолағы төселіп қойған.
Сарапшылар бір шақырымдық велосипед жолының құны бес жылдан кейін, соның ішінде оны үнемі қолданатындардың денсаулығын жақсарту арқылы өтелетінін атап өтті. Жолдың осы учаскелеріндегі жол қозғалысы 10 пайызға, ал велосипед қозғалысы 20 пайызға артады. Осылайша, бүгінде Копенгагенде азаматтардың шамамен 40 пайызы жұмысқа немесе мектепке велосипедпен барады, нәтижесінде жол кептелісіне байланысты медициналық және экономикалық шығындарға кететін мемлекеттік бюджеттің жылына шамамен 235 миллион еуросын үнемдейді.
«Бірақ Қазақстанда бұл бағыттағы заңнамаларға қатысты мәселе көп, қауіпсіздікке негізделген көлік жүйесінің мүмкіндіктерін ұсынып отырған және аясын кеңейтіп жатқан, соның ішінде метро сияқты қоғамдық көлікті жұмылдырып отырған басқа елдермен салыстырғанда стандарттарда шектеулер бар», — деп атап өтті Urban Forum Kazakhstan қалалық көлік жөніндегі маман Роман Барабанов.
Метро жүйесін кеңейтуге және жаңартуға арналған тағы бір мысал – Үлкен айналма жол. Ол осы жылдың 1 наурызында Мәскеудегі айналма жолдың жүгін жеңілдету және кептелістерді азайту үшін пайдалануға берілді. Қабылданған жобалық және инженерлік кешенді шешімдердің арқасында аталған метроайналма қаланың бірыңғай инфрақұрылымына айналды, ол метроның қолданыстағы және келешегі бар бүкіл радиалды желілерін біріктірді әрі көліктің басқа түрлеріне ауысуды қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Үлкен айналма жол шеңберінде басқа желілерге он шақты рет ауысып мінуге мүмкіндік беретін баламалы маршруттар құрылды, соның арқасында жолаушылар қаланың бір нүктесінен, орталыққа соқпай-ақ, екінші нүктесіне жету мүмкіндігіне ие болды. Көліктік даму сарапшыларының пікірінше, бұл қазірдің өзінде метросы бар және геометриялық прогресспен өсіп келе жатқан Астана мен Алматы үшін айтарлықтай келешегі бар жұмыс.
Айтпақшы, Үлкен айналма жолдың жобасы LRT-дан жоғарыда айтылған артықшылықтарымен қатар, жолаушыға арнап ыңғайлы жағдай жасайтын құрам жабдықтарымен ерекшеленеді – оған кең есіктер, бір вагоннан келесісіне кедергісіз өтуге болатын ашық жолдар, телефонды тоқпен қуаттауға арналған USB қосқыштар, ақпараттық экрандар және ауаны зарарсыздандыру жүйесі бар кондиционерлер кіреді. Сондай-ақ, шудан оқшаулану жақсартылған және икемделген жарықтандыру тәулік уақытына байланысты түс температурасын өзгертіп тұрады.
Осылайша, урбанистердің көбі Үлкен айналма жол – нағыз басқа елдердің мегаполистері қабылдай алатын жоба екенін мойындады, өйткені ол маршруттарды қысқарту мен жылдам ауысып отыру мүмкіндігін, метро желілері мен жолдардың кеңдігін қамтамасыз ету арқылы миллиондаған халқы бар қалалардың барлық тұрғыны мен қонақтарының сапарын едәуір жақсартады. Бұл желі қаланың 34 (!) ауданы арқылы өтетінін атап өткен жөн, сәйкесінше тұрғындар үшін жаяу аралықта метроның жаңа станциялары пайда болды, ал аудандар арасын жалғап тұрған жаңа көлік байланыстары жолда күніне 45 минутқа дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның өсіп келе жатқан мегаполистеріне ірі қалалардағы айқын көрініс тапқан көлік мәселелерін шешудің ең қолайлы жолы болуы мүмкін.
Лина Тортаева